Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жанғұлин Жамбыл облысы Отар кентіндегі әскери бөлімде комаға түскен мерзімді қызметтегі сарбаздың жағдайы қалай екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір сарбаз Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальде жатыр. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Әскери дәрігерлер мен басқа да мамандар оны күнде тексеріп, барлық қажетті ем-дом шараларын жүргізіп жатыр. Бүгінде оның жағдайы тұрақты-ауыр деп бағаланады. Бірақ жақсарып келеді, - деді Жангұлин ОКҚ-дағы брифингте.
Ол осы факті бойынша қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған әскери қызметшіге қатысты әскери-тергеу органдары тергеу басталғанын айтып, басқа да мәліметтер жария етуге жатпайтынын түсіндірді.
Жамбыл облысы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышыны өтеп жүрген 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпат жансақтау бөліміне түскен. Анасының сөзінше, ұлы әлімжеттік құрбаны болған.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Отар ауылында ес-түссіз күйге түскен әскер қатарына шақырылған сарбазға қатысты жағдайды жан-жақты тексеруді талап еткен болатын.