Ақмола облысының өзендерінде жару жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облысының өзендерінде мұз кептелістерін жою бойынша жару жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. Ерейментау ауданы Еркеншілік ауылының маңындағы Қарасу өзенінде және Шортанды ауданы Пригородное және Октябрьское ауылдарының маңындағы Колутон өзенінде үлкен мұз блоктары жарылды. Жұмыстың жалпы ауданы 1100 шаршы метрді құрады, шамамен 200 кг жарылғыш зат жұмсалды. Жүргізілген жұмыстар өзен арналарының өткізу қабілетін арттыруға, еріген қар суы мен мұз массаларының кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, облыс аумағында су тасқынының екінші кезеңінің алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 10-16 наурыз аралығында мұз жамылғысын әлсірету бойынша 10 ауданда (Атбасар, Целиноград, Аршалы, Сандықтау, Ерейментау, Астрахан, Есіл, Шортанды, Бұланды, Қорғалжын) жалпы ауданы 23,6 мың м2 ауданда жұмыстар жүргізілді.
Жалпы, облыс аумағындағы су тасқыны жағдайы облыстық және өңірлік су тасқынына қарсы штабтардың тәулік бойы бақылауында.