Колумбияның ұлттық тәуекелдер мен табиғи апаттарды басқару басқармасы Колумбияның батысындағы Кибо және Медельин қалаларын жалғап тұрған таулы аймақтағы жолда көшкін орын алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ABC News-ке сілтеме жасап.
Табиғи апат салдарынан 35 зардап шегуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілсе, 18 адам қаза тапқан.
Колумбия билігі хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру операциялары басталғанын айтты.
Ал елдің қорғаныс министрлігі көшкінге толассыз жауған жаңбыр себеп болуы мүмкін деп отыр. Жағымсыз ауа райы іздестіру шараларын қиындатуда.
Президент Густаво Петро әлеуметтік желідегі парақшасына зардап шеккендерге үкімет тарапынан барлық қолдау көрсетіледі деп жазды.