Колумбия АҚШ тарапынан ықтимал шабуыл болған жағдайда өз егемендігін әскери құралдармен қорғауға дайын екенін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы El Tiempo жаңалықтар сайты Колумбияның сыртқы істер министрі Роса Йоланда Вильявисенсионың мәлімдемесіне сілтеме жасап мәлімдеді. Министр АҚШ президенті Дональд Трамптың "колумбиялық операция жаман естілмейді" деген сөзіне қатысты пікір білдірген.
Министрдің айтуынша, Трамптың мәлімдемесіне қатысты жағдай дипломатиялық арналар арқылы қарастырылып жатыр. Алайда ықтимал «шабуыл» болған жағдайда елдің егемендігі әскери жолмен қорғалатын болады.
АҚШ тарапынан елімізге қарсы ықтимал шабуыл мәселесіне келсек, біз өз егемендігімізді қорғауға нық бекінгенбіз. Бұл үшін президент Густаво Петроның қолбасшылығындағы жоғары даярлықтан өткен, жақсы жарақтанған армиямыз бар. Бұл әскер халқымызды қорғауы тиіс, — деді ол.
Вильявисенсио дипломатиялық арналардың ашық күйінде қалатынын, Колумбия үшін басты басымдық — диалог екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол осы мәселе бойынша Боготадағы АҚШ елшілігінің уақытша сенімді өкілі Джон Макнамарамен кездесу жоспарланып отырғанын және оған наразылық нотасы табысталатынын айтты.
Президентті қорлау — бұл біздің елімізді қорлау және Густаво Петроны осы лауазымға әкелген барлық демократиялық процестерді жоққа шығару деген сөз, — деп түйіндеді Колумбия СІМ басшысы.
Петро Трамптың нысанасына айналды
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Петроның атына тағы да айыптаулар айтып, Колумбия АҚШ-қа кокаин жеткізіп отыр деп мәлімдеген.
(Петроның) кокаин өндіретін зауыттары бар, ол оны өндіріп, АҚШ-қа жібереді. Ол абай болуы керек, — деді Трамп.
АҚШ президенті Колумбияны «ауру ел» деп атап, операция жүргізу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Трамптың «колумбиялық операция» туралы сөзінен кейін Петро аударманың дұрыстығын және оның мәлімдемелері БАҚ-та шынымен солай берілген-берілмегенін тексеретінін айтып, мазмұнын толық түсінгеннен кейін бұл «заңсыз қауіпке» жауап қайтаратынын мәлімдеді.