Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «WorldSkills Kazakhstan 2022» VII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына қатысушылармен кездесті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Біз дүниежүзілік білім беру бағдарламаларын отандық білім жүйесіне енгізіп жатырмыз. Осы тұрғыдан бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Жалпы, Мемлекет басшысы өз тапсырмаларында құндылықтар туралы көп айтады. Жастардың бойындағы отансүйгіштік, білімге құштарлығы мен еңбексүйгіштік қасиеттерін кеңінен дәріптеуіміз тиіс. Сол себепті еңбек адамын құрметтеу, іскерлік мамандықтарды дамыту секілді бағыттар біз үшін мәні зор, - деді министр.
Аймағамбетов колледждерде ауқымды өзгерістер болып жатқанын атап өтті.
Биыл оларға академиялық дербестік бердік. Жалпы, колледждердің оқу бағдарламалары жаңарып жатыр. Оның ішінде «WorldSkills Kazakhstan 2022» республикалық байқауы тиімді екенін көрсетіп, септігін тигізуде.
Президент те өз сөзінде Қазақстан техникалық бағытты дамыту қажет екенін айтты. Егер біз экономикамызды дамытамыз десек, колледждердегі жұмысшы мамандықтарды насихаттап, олардың сапасын арттырумыз керек, - деді Асхат Қанатұлы.
Оқу-ағарту министрінің сөзінше, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу - балабақша мен мектеп қабырғасынан басталады.
Мәселен, біз биыл бірінші сыныпқа еңбек деген пәнді бөлек сабақ ретінде енгіздік. Балаларға мұндай дағдыларды үйрету - білім беру саласының алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі, - деді Асхат Аймағамбетов.