Ел колледждеріне бағытталатын мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова айтты.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік тапсырыс техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлау көбейді.
2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі. Басымдық металлургия, IT, құрылыс, инженерия, қызмет көрсету салаларына бағытталады. Қазіргі уақытта техникалық мамандықтар бойынша қабылданған студенттердің үлесі 50 пайызды, яғни 61 мың студентті құрап отыр, - деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі брифингте.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды мақсатты даярлауды бастайды.
Ол үшін кәсіпорын колледжбен мақсатты дайындық туралы шарт жасасады. Бұл ретте кәсіпорын педагогтердің практикадан, тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру және түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемені өзіне алады. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушінің талаптарына сай жаңартылады, дуальды оқыту ұйымдастырылады, студенттер кәсіпорында практикадан өте алады, - деп толықтырды Шолпан Каринова.
Нәтижесінде түлектер кәсіпорындарда 100% жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.