Қазақстандық колледждердің 5 мыңға жуық оқытушысы еліміздің ірі кәсіпорындарында біліктілігін арттыру курстарынан өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2021 жылы колледж оқытушылары жаңа технологияларды аудиторияда емес, салалық кәсіпорындар мен мекемелер базасында оқыту үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі келіссөздер жүргізіп, келісімдерге қол жеткізген болатынын еске сала кетейік. Биыл қазақстандық колледж оқытушылары 1 331 кәсіпорында тәжірибеден өтті, оның ішінде «АрселорМиттал» АҚ, «Алюминий Қазақстан» АҚ, «АгромашХолдинг» АҚ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «ҚазАтомПром» МАЭК, «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС, және т.б.
Педагогтер оқытудың бұл форматы жұмыс берушілердің колледж түлектеріне қоятын талаптарымен жақсырақ танысуға және жұмыс берушілердің сұраныстары негізінде оқыту бағдарламалары мен әдістерін қайта қарауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Мен 11 жылдан бері Көкшетау жоғары техникалық колледжінде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істеп, студенттерге жиһаз өндірісі бойынша тәжірибелік сабақтар жүргізіп келемін. Маған теориясыз нақты практикалық білімі бар курстар ұнады. Жиһаз шығаратын кәсіпорында тәжірибеден өттім. Мазмұн қолжетімді және практикада қолдануға өте пайдалы болды. Биыл колледждер академиялық еркіндікке ие болды. Бұл да үлкен артықшылық, өйткені жұмыс берушілер енді оқу үдерісіне көбірек тартылады, - деп айтты Көкшетау қаласының Жоғары техникалық колледж оқытушысы Хабдулин Орманбек.