Көлік министрі Марат Қарабаев отандық әуе компаниялары мен әуежайлардың, «Қазаэронавигация» РМК, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Азаматтық авиация академиясы» және Қазақстанның азаматтық авиация қауымдастығы басшыларымен жиын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңес барысында азаматтық авиация саласындағы маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, саладағы жоғары білікті кадрлардың тапшылығы, авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Отандық авиация саласының алдында жедел шешімді талап ететін маңызды міндеттер тұр. Біз еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған ұсыныстарыңызға әрдайым ашықпыз. Орын алған өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешуіміз керек. Сондықтан мұндай форматтағы іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп тұрамыз, - деді Марат Кәрімжанұлы.
Өз кезегінде «Эйр Астана» әуе компаниясының басшысы Питер Фостер атқарылып жатқан жұмыс барысы мен ұйымның 2024 жылы IPO-ға шығуға дайындығы туралы айтып берді. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2024 жылы Air Astana халықтық IPO-ға шығу керектігін айтқан болатын.
Мемлекет басшысы нақты міндеттер жүктеп отыр. Атап айтқанда, азаматтық авиация саласын авиаотынмен қамтамасыз ету және өңірлік әуежайларды дамытуға қатысты мәселелер тұр. Сондай-ақ күн тәртібінде саладағы жоғары білікті кадрлардың тапшылығы мәселесі тағы бар. Осыған байланысты білім беру процесіне оқытудың жаңа әдістерін енгізу, сонымен бірге сала мамандарын шетелде тағылымдамадан өткізу сұрақтарын пысықтау қажет, - деп атап өтті көлік министрі.
Жиынды қорытындылай келе, ҚР Көлік министрлігінің басшысы Марат Кәрімжанұлы ұшу қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету, авиабилет құнын төмендету және еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.