2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қорытынды бойынша Қазақстан жол қозғалысы индексі бойынша Numbeo халықаралық рейтингінде 89 елдің ішінде 44-орынды иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
finprom.kz-тің мәліметінше, еліміздің индексі – 136,3. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жолдағы жағдай соғұрлым қиын екенін білдіреді.
Индекс жолдағы орташа уақытты, кептеліске жұмсалған уақытқа қанағаттанбау деңгейін, CO₂ шығарындыларын және көлік жүйесінің тиімділігін бағалайды.
Рейтингке қазақстандық екі қала кірді.
- Астана — 197-орын (128,3 балл): орташа жол уақыты – 34,3 минут,
- Алматы — 117-орын (154,6 балл): орташа жол уақыты – 39,4 минут.
Бұл көрсеткіш Алматыда көлік жүктемесінің елордаға қарағанда едәуір жоғары екенін айғақтайды.
Numbeo дерегінше, ең ауыр жағдай Нигерия, Коста-Рика, Шри-Ланка, Бангладеш және Кенияда тіркелген.
Ең жақсы көрсеткіштер Эстония, Австрия және Финляндияға тиесілі.
ТМД елдері арасында:
- Ресей – 19-орында,
- Әзербайжан – 27-орында,
- Украина – 37-орында,
- Беларусь – 63-орында,
- Армения – 71-орында.
Демек Қазақстандағы жағдай Ресей мен Әзербайжанға қарағанда біршама жақсырақ, бірақ Беларусь пен Армениядан төмен.
2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында автомобиль және теміржол құрылысына 35,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 65,2% көп.
Инвестицияның басым бөлігі (33,4 млрд теңге) кәсіпорындардың өз қаражатынан бөлінген.
Ең көп қаражат құйылған өңірлер:
- Ақтөбе облысы – 11,8 млрд тг,
- Шығыс Қазақстан – 7 млрд тг,
- Қарағанды облысы – 2,8 млрд тг.
Көш соңында – Жамбыл, Атырау және Ұлытау облыстары, ал Жетісу облысында биыл бұл салаға инвестиция түспеген.
2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанда 6,8 млн автокөлік тіркелген — бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,6% артық.
Оның ішінде:
- 5,9 млн – жеңіл көлік,
- 639 мың – жүк көлігі,
- 118 мың – автобус,
- 135 мың – мотоцикл.
Ең көп көлік Алматы (797,2 мың) мен Алматы облысында (723,9 мың) тіркелген.