Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қатты жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан автокөлік екі жаяу жүргіншіні қағып қана қоймай, 80 метрдей жер жүріп өтіп, бірақ тоқтаған. Бұл туралы Instagram-дағы @chp_kz паблигінде жарияланды.
Қайғылы оқиға Алматыда Абылай Хан және Мақатаев көшелерінің қиылысында болды.
Куәгерлердің сөзінше, Mercedes Benz E-class көлігі оңтүстік бағытқа қарай қатты жылдамдықпен жүріп бара жатқан. Жүргізуші бағдаршамның сары түсінің жыпылықтап тұрғанына қарамастан өтіп кетпек болған.
Сол уақытта 2000 жылғы екі бойжеткен жолдан өтіп бара жатқан көрінеді. Салдарынан жүйткіп келе жатқан шетелдік автокөлік бойжеткендерді қағып кетіп, 80 метрдей жер жүріп өткен соң бірақ тоқтай алған.
Жол апаты салдарынан екі бойжеткен де жедел жәрдем қызметі келіп жеткенше алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Алматы қаласы ПД хабарлағандай, аталған дерек ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлімі (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
Полицейлер, тергеушілер мен криминалистер аталған деректің мән-жайын анықтауға кірісті.