Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында ұстаздар қауымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ұстаздар – өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беруші, балаларымыздың болашағы! Ұстаздар жұмысы кәсібилікті ғана емес, ерекше қасиеттерді де қажет етеді. Себебі олар балаларға тек білім беріп қана қоймай, зияткерлік әлеуетін ашуға, балалардың мықты қасиетін анықтауға, біліміне сенуге және кәсібін таңдауға көмектеседі. Бүгін мұғалімдер мен педагогика саласының ардагерлерін келе жатқан кәсіби мереке – Ұстаздар күнімен құттықтадым!
Елордалық білім берудің негізі – сапалы мектеп инфрақұрылымы мен мұғалімдердің біліктілігі. Ұстаздардың күнделікті еңбегінің арқасында білімді азаматтар тәрбиеленіп өсті, - делінген жазбада.
Ел басшылығы мұғалімдердің жағдайын жасауға және оларды қолдауға ерекше көңіл бөледі: 2024 жылға дейін жыл сайын педагогтердің жалақысы 25%-ға артып, біліктілікті арттыру бойынша бағдарламалар енгізілді, сол сияқты жоғары оқу орындарына гранттар бөлінді.
Бұған қоса қолайлы жұмыс істеу және оқушы орындарымен қамтамасыз ету үшін жыл сайын оқу орындары салынып жатыр. Биыл 15 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Бұл шамамен 40 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Салыстырар болсақ 2020 жылдан екі есе, 2019 жылдан төрт есе көп.
Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғын үй салып, тұрғын үй сертификаттарын бөліп жатырмыз.
Бүгін «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» атанған мұғалімдер 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл ақшалай марапат өткен жылдан бастап енгізілді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және ҚР БҒМ «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері, дипломдар берілді. Ал №7 «Аққу» балабақшасына, №85 мектеп-лицейіне және Astana Polytechnic жоғары колледжіне 7 млн теңгеден гранттар берілді.
Ұстаздарымызды шын жүректен кәсіби мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт және табыс тілеймін! - деп жазды елорда әкімі.