Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы баспасөз конференциясында айтты.
Бірінші орынбасарым заңға қайшы әрекет жасаған жоқ. Бұл – бір. Ол әкімдіктен өз еркімен жұмыстан кетті. Тиісті органдар оны растайды. Командалық жұмыс ауыстыру, әрине, дұрыс емес. Бірақ кәсіби жақтан да қарау керек. Менің орынбасарларыма қатысты кәсіби сұрақ болған жоқ. Олар өз қызметін жақсы атқарды. Командалық жұмыс туралы айтатын болсақ, бұл – елорда. Конституция бойынша өзге өңірлерден елордаға келіп кез келген адам жұмыс істей алады, - деді ол.
Көлгінов жұмыскерлерді кәсіби тұрғысынан таңдау керегін айтты.
Елордада жұмыс істегендер өңірлерге, өңірден елордаға келіп жұмыс істейді. Бұл тәжірибе алмасуға да жақсы. Ең алдымен қызметкердің кәсіби қабілетіне назар аудару керек. Ең бастысы атқарған жұмыстың нәтижесіне қарау керек. Барлығы бас салып көшіп жатыр деуге болмайды. Меритократия болуы керек, жұмыс істейтін адамдарды қолдау керек, - деді әкім.
Айта кетейік, биыл 27 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев басқа жұмысына ауысуына байланысты қызметінен кеткен еді.