Көшербаевты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

26 Қыркүйек 2019, 21:52
3752
Бөлісу:
Көшербаевты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан халықаралық турнир басталды. 

Жарысқа Ресей, Өзбекстан мемлекеттері мен республиканың 8 облысынан (Атырау, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан, ШҚО, Павлодар және Қызылорда) және Нұр-Сұлтан, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан барлығы 22 команда, 350 спортшы қатысып жатыр. 

Еңбек жолын алғаш ұстаздықтан бастап, біліктілігінің арқасында ел басқару ісіне араласқан Елеу Көшербайұлын еске алуға арналған халықаралық турнирдің салтанатты ашылуына  Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты. 

«Елеу Көшербайұлы партия бюросында сынала жүріп Қорқыт Ата кесенесін тұрғызған. Сонымен бірге, халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының рухын асқақтатып, ескерткіш орнатты. Шығыс жұлдызы Ғани Мұратбаев есімін жаңғырту мақсатында мұражайын салдырды. Жаңақазалыда 80 гектар жерді жасыл баққа айналдырып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арнап мемориал орнатты. Шығыс шайыры Фирдоусидің атақты «Шахнамесін» қазақ тілінде жырлатқан Тұрмағамбет ақын кесенесінің бой көтеруіне атсалысты. Міне, осындай ұлттық мүдде жолындағы ұлы істердің ұйытқысы болған Елеу Көшербаевтың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа дәріптеп, оның есімін есте қалдыру мақсатында волейбол спортынан халықаралық турнир өткізу дәстүрге айналды», - деді аймақ басшысы. 

Сонымен қатар, Еңбек және соғыс ардагері Яхия Тасыров сайысқа қатысушы спортшыларға ақ батасын берді. 

Е.Көшербаев Тереңөзек, Сырдария аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Зейнетке шыққан соң да облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде көптеген игі істер атқарған. 

Айта кетейік, Қазақстан волейболының тарихы Сыр өңірінен бастау алған. Волейболдан алғашқы жарыс 1926 жылы Қызылордада, яғни, облыс орталығының астана болған кезінде өткізілген. Қызылорда облысында Тұрғанбек Алтынбеков, Татьяна Қабылбековалар бүгінгі волейболдың негізін қалаған. 

Қазіргі таңда аймақта осы  спорт түрімен   28 мыңнан астам адам шұғылданса, оның ішінде  балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстағы 16 спорт мектепте осы спорт түрі бойынша  1517  бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, 2017 жылы кәсіпқой «Қайсар» волейбол клубы қайта құрылған. 

Биыл облыстың жасөспірімдер құрама командалары волейболдан өткен Қазақстан Республикасының күзгі және қысқы чемпионаттарында екі мәрте жеңімпаз атанса, жазғы чемпионатта қола жүлде иеленді. Сонымен бірге, сырдариялық спортшылар  осы жарыстың 12 дүркін жеңімпазы екенін ерекше атап өткен жөн. 

Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында отырып ойнау волейболынан  да облыс құрамасы жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Ағымдағы жылы Таиландтың астанасы Бангкок қаласында отырып ойнау волейболынан өткен Азия чемпионатында қызылордалық Эрик  Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов Қазақстан құрама команда сапында өнер көрсетіп, қола жүлде иеленді. 

Турнирде 1-3 орынды иеленген командаларға кубок, диплом, медаль, ақшалай сыйлықтар берілсе, 5 номинация иегерлері (үздік ойыншы, үздік қорғаушы, үздік шабуылшы, үздік либеро, үздік төреші) естелік сыйлықтармен марапатталады.

Өзгелердің жаңалығы