Көлгінов: Елордада жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет

8 Қаңтар 2021, 22:43
1529
Бөлісу:
Көлгінов: Елордада жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім беру сапасына назар аудару, оған жағдай жасау өте маңызды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Халық санының өсуін, үш ауысымда оқу және мектептерге артылған шамадан тыс жүктемені ескерсек, жыл сайын елордада кемінде 10 мектеп салу қажет. Былтыр 12 мектеп салынды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл оқушы орындарының санын тағы екі есе арттырамыз. Бұл – 20 мың оқушы орны; екі ауысымда - 40 мың оқушы орны болмақ. Қаламызды аралау барысында бірқатар жаңа мектептерге бардым. №60 мектеп-лицейі (Сарыарқа ауданы) екі ғимараттан тұрады және 2400 орынға есептелген (екі ауысымда 4800). Мұнда 5 мыңнан астам оқушы оқиды. Қосымша жұмыс істеп тұрған оқу орны аумағында мектеп салынды, ол екі ауысымда тағы 1100 орын қосады. Осылайша, мектепке артылған шамадан тыс жүктеме кеміп, жаңа орындар болады - деді ол.

№40 мектеп-лицейі (Сарыарқа ауданы) 17 жыл бұрын салынған. 

Жобалық қуаты 850 орын (екі ауысымда – 1700), мұнда 2 мыңға жуық бала оқиды. Аталған мектеп аумағында 1 мың орынға (екі ауысымда) арналған тағы бір толыққанды оқу орны салынды. Осылайша, үш ауысымды оқыту мәселесі шешілді. Сонымен қатар аталған мектепті орталық жылу жүйесіне қосуды тапсырдым. Бұдан жыл сайын мектепті жылыту үшін 100 млн теңгеге дейін үнемделеді - дейді қала басшысы.

Сондай-ақ, ол осыдан 45 жыл бұрын салынған №31 мектеп-гимназиясына (Байқоңыр ауданы) барғанын айтты.

Мұнда 2 700-ден астам оқушы оқиды. 1 400 орындық жаңа ғимарат есебінен үш ауысымда оқыту мәселесі де шешілді. Осымен бірге қазіргі мектепте күрделі жөндеу жүргізуді тапсырдым. Бір жыл ішінде салынған мектептердің есебінен үш ауысымда оқытатын білім беру нысанын санын 8-ден 4-ке дейін, ал шамадан тыс жүктеме артылған мектептер санын 22-ден 14-ке дейін қысқартылды. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы барған №23 орта мектеп (Өндіріс елді мекені) аумағында бес қабатты мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, елордада жеке инвестициялар тарту есебінен бірқатар мектеп салынып жатыр - дейді Алтай Көлгінов.
Өзгелердің жаңалығы