Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі бірқатар өңірдегі су қоймаларының жұмысын бақылауға алған. Бұл туралы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс және Орталық Қазақстан өңірлеріндегі су қоймаларының режимі тұрақты түрде қадағаланып отыр.
Министрлік тарапынан дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс және Орталық Қазақстандағы су қоймаларының режимін бақылап отырмыз. Наурыз айында суды жинау үшін бос көлемді қамтамасыз етеміз. Ал қанша су толатынын ақпан айының басында Қазгидромет болжамы көрсетеді, – деді министр.
Сонымен қатар ведомство TalsimNG бағдарламасын әзірлеген. Бұл жүйе арқылы наурыз айына арналған су көлемінің алдын ала болжамы жасалады.
TalsimNG бағдарламасы арқылы да наурыз айының болжамын аламыз. Сол деректерге сәйкес су қоймаларының жұмыс режимін реттейміз, – деп түсіндірді Нұржан Нұржігітов.