Көктайғақ, тұман, боран және қатты жел: Қазақстанда дауылды ескерту жарияланды

Ауа райына байланысты еліміздің 17 облысында дауылды ескерту жарияланды.

 ©BAQ.KZ архиві Кеше 2026, 20:58
Кеше 2026, 20:58
152
Фото: ©BAQ.KZ архиві

3 наурыз күні Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысының таулы аудандарында түнде кей уақытта қалың қар жауады. Облыстың оңтүстігінде, тау бөктерлері мен таулы аймақтарында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Солтүстік-шығыс және шығыс бағыттағы желдің екпіні оңтүстікте, тау бөктерлері мен таулы аудандарда секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Алматы қаласында кей уақытта тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Қонаев қаласында түнде және таңертең тұман күтіледі, жолдарда көктайғақ болады. Жел солтүстік-шығыс және шығыс бағытта соғып, екпіні кей уақытта 15-20 м/с-қа жетеді. Іле Алатауының таулы аймақтарында (Алматы қаласының Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктері) түнде кей уақытта қалың қар жауады. Кей жерде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады.

Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі.

Атырау облысының батысында күннің соңында көктайғақ болады. Облыстың батысында, оңтүстігінде және шығысында тұман түседі. Күндіз облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында шаңды дауыл күтіледі. Жел оңтүстік және оңтүстік-батыстан соғып, екпіні 15-20 м/с болады. Атырау қаласында түнде және таңертең тұман, күндіз кей уақытта шаңды дауыл күтіледі. Жел екпіні 15-18 м/с-қа дейін жетеді.

Қарағанды облысының батысы мен солтүстігінде қар жауып, жаяу боран соғады. Облыстың солтүстігі мен шығысында тұман болады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, кей жерде екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Қарағанды қаласында қар жауып, жаяу боран күтіледі.

Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде түнде көктайғақ болады. Облыстың батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тұман күтіледі. Ақтау қаласында түнде және таңертең тұман болады.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында жолдарда көктайғақ болып, тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде қар жауып, жаяу боран соғады. Күндіз облыстың батысы мен шығысында қар мен жаяу боран күтіледі. Облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман болады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында қар жауып, жаяу боран соғады, түнде кей уақытта қалың қар күтіледі. Кей жерде тұман мен көктайғақ болады. Жел солтүстік-шығыстан соғып, таулы аудандарда екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Тараз қаласында кей уақытта тұман түсіп, көктайғақ болады.

Ақтөбе облысының солтүстігінде күндіз көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, облыстың солтүстігі мен батысында екпіні 15-18 м/с болады.

Түркістан облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады. Облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аймақтарында тұман күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, таулы асуларда екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Шымкент қаласында түннің бірінші жартысында жаңбыр мен қар жауады, түнде және таңертең тұман болады. Түркістан қаласында да түнде және таңертең тұман күтіледі.

Павлодар облысында қар жауып, жаяу боран соғады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, облыстың батысы мен оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с болады.

Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, боран соғады. Жел оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, облыстың солтүстігі мен шығысында екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Өскемен қаласында қар жауып, боран күтіледі.

Абай облысында қар жауып, боран соғады. Жел оңтүстік және оңтүстік-батыстан соғып, облыстың батысында, солтүстігінде және орталығында екпіні 15-20 м/с болады. Семей қаласында да қар мен боран күтіледі.

Қостанай облысының шығысы мен оңтүстігінде түнде қар жауып, жаяу боран соғады. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсіп, жаяу боран және көктайғақ болады. Облыстың солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Қостанай қаласында күндіз көктайғақ болады, түнде және таңертең тұман күтіледі.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында көктайғақ болады. Облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман күтіледі. Орал қаласында күндіз көктайғақ болып, тұман түседі.

Ақмола облысында түнде қар жауып, жаяу боран соғады. Күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде және шығысында аздаған қар мен жаяу боран күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысы мен солтүстігінде тұман болады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, облыстың оңтүстігі мен шығысында екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында, орталығында және таулы аудандарында кей уақытта тұман түсіп, көктайғақ болады. Жел солтүстік-шығыстан соғып, облыстың шығысында және таулы аймақтарында екпіні 15-20 м/с, Алакөл көлдері ауданында 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Талдықорған қаласында түнде және таңертең кей уақытта тұман күтіледі.

Наверх