Көксу қант зауытының алды қайта кептеліске толы

23 Қазан 2024, 17:11
243
Бөлісу:
Көксу қант зауытының алды қайта кептеліске толы
Фото: автордан

Бірнеше күнге есігі жабылған Көксу қант зауыты қайта жұмысына кірісті. Кезек күткен қызылша тиеген жүк көліктері жол бойында кептелісте тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көксу ауданына кіре беріске дейін созылған тәтті түбір тиеген жүк көліктері кептелісте тұр. Он күн алаңын тазартып, біраз қант өнімін шығаруға бекінген кәсіпорын шаруаларға қайта қызмет көрсете бастады. Біраз шаруалар аталған зауыттың уақытша жабылып қалғанына алаңдап, облыстық ауылшаруашылық басқармасына өтініш айтқан еді. Күн жауып, берекесі кеткен қожалықтар шыдамсыздық танытуы да заңдылық. Өнімі далада жатыр. Ал зауыттың жайы түсінікті, өндіріс орнында шикізатты сақтайтын орын жоқ.

Осы жылы қант қызылшасымен айналысып жатқан шаруалардың саны былтырғыдан артты. Бүгінде 600-ге жуық үлкенді-кішілі шаруа қожалықтары тәтті түбір егіп, зауыттарға өткізіп жатыр. Олар жалпы 14 мыңға тарта гектар жерге тұқым сепкен. Оның үштен бірі Ақсу қант зауытына өнімін өткізеді, ал қалғаны Көксу қант зауытына өткізбек. Қазір жұмыстар белсенді түрде атқарылып жатыр, - дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Ақсудағы зауыт қанша үлкен болғанымен маңайындағы шаруалардың саны аз. Оның үстіне белсенділігі, яки қуат күші Көксу қант зауытына жетпейді. Сондықтан Көксу ауданындағы шаруалар зауыттың уақытша жабылғанына дүрлігіп кеткен еді.

Қайта жұмыс қыза бастады. Бір өкініштісі жаңбыр жауып, күн суытып кетті. Батпақтап қаламыз ба деп қорқып отырмын. Айдың соңына дейін өнімді зауытқа жеткізуіміз шарт. Биыл өнім былтырғыдан көп шықты. Жаңа технологияның тиімділігін көріп жатырмыз. Келер жылы алқапты көбейтіп, өнімді молайтсақпа деп отырмыз, - дейді шаруа иесі Алтай Тамырбекұлы.

Өзгелердің жаңалығы