Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда тұрғындарды коронавирустық инфекциядан жаппай вакцинациялау басталды. «РИО» сауда-ойын-сауық орталығында ашылған егу кабинетінде қала тұрғындары ерікті түрде вакцина салдырды.
«Спутник V» ресейлік вакцинасын алу үшін сауда орталықтары мен жақын маңдағы базарлардың жүзге жуық қызметкері келді. Вакцинациядан бұрын олардың әрқайсысы толық медициналық тексеруден өтті.
Жаппай вакцинация ерте басталған Ресейде қандай керемет нәтижелер бар екенін көріп отырмыз. Өзім коронавируспен ауырмасам да, ерікті түре вакцина салдыруға шешім қабылдадым. Жылда тұмауға қарсы вакцина алып жүрдім. Меніңше екеуінде еш айырмашылық жоқ. Жағымсыз әсер болған жоқ, - дейді Анастасия Павлова есімді қала тұрғыны.
№1 қалалық емхана дәрігерлерінің мәліметінше, мұздатқыштар болмағандықтан, вакцина арнайы контейнерлерде шағын партиялармен әкелінді. Инъекция алған пациенттер алғашқы 30 минут ішінде дәрігерлердің бақылауында болады.
Облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина облыста 6 мыңнан астам адам – дәрігерлер, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері егілгенін мәлімдеді.
Өңірде Covid-19-ға қарсы жаппай егу барлық жерде: сауда орындарында, базарларда, еңбек ұжымдарында, кәсіпорындарда жүргізіледі. Егу кабинеттері демалыссыз жұмыс істейтін болады. Барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған мобильді егу бригадалары шалғай ауылдарға да барады. Бригада құрамында міндетті түрде дәрігер мен медбике болады, - деп атап өтті Айнагүл Мусина.
Оның айтуынша, облысқа вакцинаның 7 мыңға жуық дозасы келіп түскен. Соңғы екі күн бұрын келген 3700 дозаның 2200-і Көкшетау қаласына жаппай вакцинациялау үшін бөлінген. 10 сәуірден кейін аймаққа тағы 24 мың доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде.
Денсаулық сақтау министрлігі ресейлік «Спутник V» вакцинасын сатып алу туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Қытай вакцинасын сатып алу жоспарлануда. «Pfizer» вакцинасын өндірушілермен келіссөздер жүргізілуде. Ал 20 сәуірден кейін QazCovid-in отандық вакцинасы да келіп түседі. Бірінші жартыжылдықта 6 млн-ға жуық қазақстандықты вакцинациялау жоспарланған. Біздің облыста қазірдің өзінде 6200 адам егілді. Барлық емдеу ұйымдары дайындалды. Жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ, - деп нақтылады Айнагүл Мусина.
Облыстың бас санитарлық дәрігері өңірдің әрбір тұрғыны карантиндік шараларды сақтауды жалғастыруы тиіс екенін атап өтті. Өйткені Қазақстан аумағында оңтүстік африкалық, британдық коронавирус штамдары тіркелген. Өткен аптада біздің облыста вирустың ықтимал мутациясы анықталды, сынамаларды талдау нәтижелері 30 күннен кейін дайын болады.
Ол өз сөзінде облыс тұрғындарының 60%-ға жуығы вакцинациямен қамтылғанда карантин біртіндеп алынып тасталатынын айтты.
Кәсіпкер Александр Иванович вакцинаны алу мүмкіндігі туралы естігеннен кейін бірден сауда орталығына келгенін айтады.
Адамдардармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Жасым алпысқа таяу, вирустың түрлі созылмалы ауруларды асқындырып жіберетіні белгілі. Сондықтан екпе алуды міндет деп санаймын. Вакцинациядан кейін өзімді жақсы сезіндім. Әрине, температура көтерілуі немесе жалпы әлсіздік пайда болуы мүмкін, бірақ бұл уақытша әсерлер, - дейді кәсіпкер.
Жаппай вакцинациялауға облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері де қатысты. Елуге жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс орнында коронавирусқа қарсы екпе алды. Вакцинаны кез келген адам ала алады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша емханасына жүгіну жеткілікті. Вакцинациядан кейін бірден электрондық үкімет сайтына кіріп, «Денсаулық сақтау» қосымша бетін таңдап, ЖСН енгізіп, вакцинация паспортын алуға болады.