Көкшетауда ұлттық нақыштағы сән көрмесі өтті

15 Наурыз 2021, 17:16
4230
Бөлісу:
Көкшетауда ұлттық нақыштағы сән көрмесі өтті
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық киімдерді ұлықтауға арналған сән көрмесі өтті.

Аталған шараның мақсаты – жас ұрпақты тарих қойнауына кеткен ұлттық киім үлгілерімен таныстыру.

Көкшетауда ұлттық нақыштағы сән көрмесі өтті

Биыл Наурыз мерекесін ерекше атап өтуге ерекше мән берілуде. Өңірдегі мемлекеттік қызметшілер Наурыз тойының қарсаңында ұлттық киім кию челленджін ұйымдастырды.

Наурыз мейрамы қарсаңында жұртшылық қазақтың ұлттық киім үлгілерінің элементтері бар киімдер киюді жөн көреді. Биыл да бұл дәстүр үзілмеді. Ешкім тапсырма беріп, міндеттеп жатпаса да осылай киінуді жұрт жарасымды санайды. Тіпті елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдері ішінде де Наурызға қазақтың ұлттық киімдерін киіп барғанды ұнататындар, соны дәстүрге айналдырғандар көп. Бұл шуақты мерекенің халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосар рөлі де орасан. Жергілікті жұрт өзінің байырғы жомарттығын, меймандостығын қайта тапқандай көрінеді. Осылайша көпшілікке елімізге көктемнің келгені, қазір қыстың соңына, көктемнің басына жеткеніміз, күн мен түннің теңескеніне іліккеніміз, алдымыз жаз екеніне қуанышымыз жеткізіледі, - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.
Көкшетауда ұлттық нақыштағы сән көрмесі өтті

Сән үлгілерін «Көкшетау», «Ол алты қыз» және «Шалқыма» халықтық би ансамбльдері, «Жұлдыз» үлгілі вокалдық студиясының қатысушылары ұсынды.

Көрмеде ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдардың ою-өрнегі, жас ерекшелігіне қарай киілетіні түсіндірілді.

Бүлдіршіндердің ағаштан жасалған бұйымдарды сахнаға алып шыққан сәті көпшілікті ерекше тәнті етті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін жұртымыз Наурыз тойын өз деңгейінде, өз дәрежесінде тойлауға бет бұрды. Әрине, заман өзгерді, қоғам басқа, мереке дәл бұрынғы сияқты болмаса да, жаңа кейіпте, жаңғырған, жетілген қалыпта тойлана бастады. Ауылдық жерлерде, жайлауларда бұрынғы замандардағы қалпын көз алдыңа келтірер кейіпте де өтуде. Жайлаудағы алтыбақан, қыз қуу, көкпар қазақтың теңіздей толқып, қуана тойлаған кең пейілін көрсетеді. Ал қалалардағы Наурыз тойы басқаша қалыпқа түсті, - дейді қала тұрғыны Есбол Бақытжанұлы.

Көкшетауда ұлттық нақыштағы сән көрмесі өтті

Зерттеушілердің пікірінше, Наурыз тойлауда оның тарихи, этнографиялық негіздері, ұлттық сипаты сақтала отырып жетілдіріліп, жаңғыртулар жасалғаны абзал. Наурыз арқылы ұлттық құндылықтарымыз, дәстүр-салтымыз дәріптелуі тиіс.

Еліміздің батыс өңірлерінде наурыздың он төртінші жұлдызынан бастап, көрісу жүреді. «Көрісу» дегеннің мәнісі «Жаңа жылмен құттықтау, үлкендерге, ағайын-тумаға арнайы барып сәлем беру, шынайы құрметтейтінін білдіру, ізет көрсету» дегенді білдіреді. Ондайда, ешкім бұрынғы өкпені, ренішті еске алмайды. Ұсақ-түйек кейіс-назды ұмытып, сол күннен жаңаша бір өмірді бастайды. Ағайын бәз қалпында арқа-жарқа араласып кетеді. Кеңес заманында да үзілмеген сол дәстүр бүгінге жетті. Міне еліміздің батыс өңіріндегі осынау халқымыздың ғаламат бір ғұрпын солтүстікке әкеліп, дәстүрге айналдырсақ, ұтарымыз мол, - дейді әдебиетші Дәулет Оспанов.

Өзгелердің жаңалығы