Көкшетауда синтетикалық есірткі жасырған адам ұсталды. Полиция қызметкерлері тінту кезінде күдіктіден полиэтилен пакетке салынған 30 бума мефедрон тәркіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 37 жастағы күдікті 23 маусымда «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасы барысында қолға түскен.
Тінту кезінде күдіктіден полиэтилен пакетке салынған 30 бума мефедрон тәркіленді. Алынған заттың нақты құрамы мен салмағын сараптама анықтайды. Белгілі болғандай, күдікті біраз уақыттан бері Көкшетау қаласының аумағында синтетикалық есірткі затын таратумен айналысқан және ұсталған күні де сол заңсыз кәсібін жүзеге асыруға тырысқан, - деді ведомствода.
ПД баспасөз қызметі атап өткендей, осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 264-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, онда ол үш жылдан бастап жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.