Көкшетау қалалық әкімдігінде бірқатар көшелерге ұлттық атау беру жөніндегі ұсыныстар талқыланған қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды Көкшетаудағы BAQ.KZ тілшісі.
Қоғамдық талқылау барысында «Парк борцам за революцию» саябағы «Алаш арыстары» деп өзгерту ұсынылды.
«Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі осы Алаш ардақтыларының арқасында десек қателеспейміз. Алаш арыстарының орны ерекше болды. Олар ең алдымен қазақтың өз жеріне ие болуын мақсат етті. Сол жолда қызмет етті. Елге демократия, білім-білік алып келу үдерісінің бастауында тұрғандар да солар болды», - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов.
Қазір жергілікті қалталы азаматтар тарапынан өз ата-бабаларының есімімен ауыл, көше атау туралы өтініштер көбейген.
«Қазіргі қоғамға сәйкес келмейтін атаулар көп. Көшелерге ұлттық атау беру, елді-мекендердің тарихи атауларын қайтару – уақыт талабы. Бұдан ұлтаралық дау іздеу қажетсіз дүние. Пәле-жала іздеуден аулақ болуымыз керек. Алайда, ұлттың ассимиляциялануынан әлі күнге зардап шегіп келеміз. Ономастика комитетінің шешімі бойынша көшелерге адам аттарын беруге тыйым салынды. Сол себепті рушылдық-жершілдікке жол бермеген абзал. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елді-мекен, көшелерге халық қолдаған ұлы тұлғалардың есімдерін беру керек. Ұлттық мәселеге меритократиялық көзқараспен қараған дұрыс», – дейді Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат.
Облыс орталығында Дмитриев көшесі – күйші Дәулеткерей, Дзержинский көшесі – Қамали Мырзахметов, С.Лазо көшесі – Жанатай батыр Ақанұлы, Литвинов көшесі – Айыртау, Добролюбов көшесі – Үркер, Никитин көшесі – Ботай, Щучинская көшесі– Байқоныс, Свердлов көшесі – Шабыт, Сопочная көшесі – Асу, Узкая колея көшесін – Тіршілік деп өзгерту ұсынылды.
Қалалық мәслихат депутаттары әр көше бойынше жеке-жеке дауыс берді. Ұсыныстар республикалық ономастика комитетіне жіберіледі.
«Көкшетау көшелерінің атауы сонау 70-ші жылдардан бері күн тәртібінен түскен емес. 1975 жылы Көкшетау атқару комитеті депутаттарының 25-інің екеуі ғана қазақ ұлтынан еді. Соның бірі – өзім болдым. Сол тұста «Көкшетау көшелерінде неге толып кеткен революционерлер?» деген мәселе көтердік. Тәуелсіздіктің арқасында көшелеріміз жаңғырып, жасарып келеді. Дегенмен қазіргі жағдайды ескеріп, ономастика мәселесіне аса сақтықпен қарауымыз керек. Ұлтаралық жанжал туғызбай, барлығын ақыл-парасатпен шешкен абзал. Осы ретте, алдағы уақытта «Көкшетау көшелері» деген кітап құрастырылса, онда әр көшенің атауы суреті, қысқаша мәліметімен берілсе деймін. Өйткені жастардың көбі көше атауларының тарихын біле бермейді», - деп пікір білдірді «Ақмола-Тіршілік» ЖШС директоры, жазушы Жабар Ерғалиев.