Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысының 16 тұрғыны емтихансыз жүргізуші куәлігін аламын деп алаяққа алданды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, СҚО мен Ақмола облысында 16 адам алаяққа «жем» болды. Олар емтихан тапсырмай жүргізуші куәлігін алуға болады деген жалған уәдеге сеніп, ондаған мың теңгесінен айырылған.
Зардап шеккендердің бірі - Тайынша ауданының тұрғыны. Алаяққа алданғанын білген ол полицияға жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде аудан полицейлері 34 жастағы Көкшетау қаласының тұрғынын анықтады. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторында қамауда отыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда қылмыстық істе 16 эпизод тіркелген.
Белгіленген рәсімдерді айналып өтіп, жүргізуші куәлігін сатып алу заңға қайшы келеді. Дегенмен, мұндай қадамға баратын адамдар да кездесіп жатады. Мұны, өз кезегінде, алаяқтар пайдаланады. Зардап шеккендердің бірі күдіктімен интернетте автокөлік сату туралы хабарландыру бойынша байланысқа шыққан. Ер адам жүргізуші куәлігін заңсыз әрі жылдам алуға болатынын айтқан. Ауыл тұрғыны келісімін беріп, жаңа танысының телефон нөмірін алған. Осылайша, адамнан адамға тарап, заңсыз құжат алғысы келмек болғандардың саны артқан. Келтірілген шығын сомасы 65 мың теңгеден басталады. Егер адамдар заңды айналып өтіп жатса, алаяқтардың бұрыннан қолданып келе жатқан айлаларына түсуі мүмкін. Заңнаманы қатаң сақтап, күмәнді ұсынысқа келісім бермеуді сұраймыз, - дейді Тайынша аудандық полиция басқармасының бастығы Нұрлыжан Ақтанов.