Көксарай контрреттегіші екі есе артық су жинай алады – Нұржан Нұржігітов

Бүгiн, 07:15
123
Бөлісу:
Көксарай контрреттегіші екі есе артық су жинай алады – Нұржан Нұржігітов
Фото: gov.kz

Су ресурстары министрлігі тасқын суларды тиімдірек өткізу, ауылшаруашылық жерлерін суару және Солтүстік Аралдың су балансын сақтау үшін Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегішін қайта қалпына келтіреді. Бұл туралы BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нәтижесінде, нысан 1,5 млрд текше метрдің орнына 3 млрд текше метр су жинай алады. Министр Нұржан Нұржігітов аймаққа жұмыс сапарымен барып, жергілікті халықпен кездесті. Сондай-ақ өңірдегі ірі су шаруашылығы нысандарының жай-күйін тексерді.

Бүгінде Көксарай контрреттегішін реконструкциялау және нығайту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Биыл Ислам даму банкінің қолдауымен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Жобаны іске асыру контрреттегіште екі есе көп су жинауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 1,5 млрд текше метрдің орнына 3 млрд текше метр су жинайды. Сондай–ақ, нысанды жаңғырту төтенше жағдай қаупін азайтуға және Солтүстік Аралға су жіберуді жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Нұржан Нұржігітов Отырар ауданында су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, мақта өсіру жобасын іске асыруға ниетті қытайлық инвесторлармен кездесті. Министр шетелдік кәсіпкерлермен бірге мақта саласын дамыту жөніндегі жоспарды талқылады.

Одан әрі министр Бәйдібек ауданына барып, «Бәйдібек-ата» су қоймасының құрылысын тексерді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 48% орындалды. Су қоймасы 68 млн текше метр су жинай алады. Жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Мақтаарал ауданында министр ауыл шаруашылығы алқаптарынан жерасты суы ағызылатын «Мырзашөл» орталықтандырылған коллекторлық-дренаж каналының жұмысымен және жай-күйімен танысты. Өзбекстанмен шекара бойында орналасқан нысанда жағалау нығайту жұмыстары, сондай-ақ су келетін шағын каналдарды реконструкциялау жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы