Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумының аясында ұйымдастырылған стартаптар көрмесінде ондаған инновациялық жоба ұсынылды. Көптеген компаниялар, ғылыми орталықтар мен жас командалар білім беру, медицина, киберқауіпсіздік және робототехника сияқты түрлі бағыттардағы шешімдерін көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ерекше жобалардың бірі – Назарбаев Университеті жанындағы Интеллектуалды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) әзірлеген платформа болды. Басқа шешімдерден айырмашылығы – бұл жоба қазақ тілі мен ұлттық мәдениетке бейімделген. Ол суреттерді танумен қатар, оларды қазақстандықтар үшін түсінікті ұғымдармен сипаттайды.
Мысалы, егер жүйеге ат үстіндегі адамдар бейнесін жүктесеңіз, ChatGPT немесе өзге шетелдік жүйелер оны жай ғана «салт аттылар» деп түсіндіреді. Ал біздің модель бірден «көкпар» екенін анықтап, оны ұлттық ойын ретінде сипаттайды, – деді институттың атқарушы директоры Ербол Әбсалямов.
Сонымен қатар көрмеде Mangisoz атты аударма жүйесі көрсетілді. Ол қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін қолдайды және ерекше тәсілімен ерекшеленеді – пайдаланушылардың өзі де аударманы жетілдіруге үлес қоса алады.
Егер ұсынылған нұсқа көңілден шықпаса, қолданушы өзінің аудармасын енгізе алады. Біз оны тексергеннен кейін базаға қосып, модельді қайта оқытамыз. Осылайша жүйенің сапасы уақыт өте келе үздіксіз жақсарып отырады, – деп түсіндірді Абсалямов.
Оның айтуынша, мұндай жобаларды жасаудағы ең үлкен қиындық – модельді оқыту процесі емес, деректерді жинау мен өңдеу.
Қазақ тіліндегі контент интернетте тым аз. Сондықтан бізге қолжетімді материалдарды іздеуге, сапалы мәтіндерді басқа тілдерден аударуға және синтетикалық деректерді құрастыруға тура келді. Mangisoz үшін мәтіндер корпусын дайындауға бір жарым жыл уақыт кетті, содан кейін ғана 3-4 айға созылған оқыту кезеңін бастадық, – деді ол.
Бүгінгі таңда ISSAI әзірлеген барлық құралдар ресми сайтында ашық қолжетімді. Кез келген адам оларды қолданып көріп, мүмкіндіктерін бағалай алады.
Ербол Әбсалямовтың мәлімдеуінше, бұл бастамалар Қазақстандағы цифрлық даму үшін үлкен қадам. Өйткені олар жасанды интеллектіні енгізумен қатар, қазақ тілін жаңа технологиялық ортада кеңінен қолдануға жол ашады.