Көкпардан кейін аяусыз соққыға жығылған жігітке қатысты Түркістан облысы ПД ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде көкпардан кейін Түркістан облысында жігітті бір топ адам аяусыз соққыға жығып, айдалаға апарып тастағаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған қатысты Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Зиятаев пікір білдірді.
Сайрам ауданының тұрғыны дене жарақатымен ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама 7 ақпан күні полицияға түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Полиция қызметкерлері қажетті іс-шараларды атқарып, жанжалдың барлық қатысушыларын, сондай-ақ оқиғаның куәларын анықтаған. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті екі тұрғын ұсталды. Ұсталғандарға қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда. Туыстарының айтқан уәждері зерттеліп, тексерілетін болады, - дейді Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда жәбірленуші медициналық мекемеде емделуде.
Тергеу қорытындысы бойынша осы іске қатысты құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.