Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында жұмысы тоқтатылған Көк базар мен "Рахат" кондитерлік фабрикасындағы жағдайды баяндады.
Жандарбек Бекшин екі-үш апта бұрын тексеріс жүргізу барысында Көк базар басшылығына ескерту жасағанын жеткізді.
Оларда тепловизор болмады, сондай-ақ, әлеуметтік қашықтық сақталмаған. Адамдар арнайы киімсіз жұмыс істеген. Оларға қаулы бойынша айыппұл салыну керек еді. Көпшілік оған наразылық танытты. Бұның арты жақсылыққа әкелмеді. Базар әкімшілігінде жұмыс істейтін 21 адамнан вирус анықталды. Олар қызметтік есіктен кірген, яғни фильтрден өтпеген. Санитариялық нормаларды сақтамаған соң бір-біріне жұқтырған. Әзірге сатушылардан вирус анықталған жоқ, - деді ол.
Сондай-ақ, ол "Рахат" кондитерлік фабрикасында жұмыс істейтін 500-ге жуық адамның вирус жұқтырғанын жеткізді.
"Рахат" кондитерлік фабрикасында 31 мамыр мен 4 маусым аралығында 10 адамнан вирус анықталды. Фабриканың бір қызметкері ота жасатпақ болып тексерілгенде коронавирус анықталды. Кейін жұмысқа кіреберістегі тепловизор бірден 8 адамның дене қызуын анықтап, оларды оқшаулады, тексеріс кезінде олардан да вирус анықталды. Осылайша, фабриканың 1500 жұмысшысы тексерілді, оның 467-нен симптомсыз вирус анықталды, - дейді Бекшин.
Сөз арасында, ол қалада вирустың таралуын бәсеңдету үшін үлкен мекемелерге қызметкерлердің 50 пайызын қашықтан жұмыс істету жөнінде ұсыныс айтқанын жеткізді.
Қаладағы базарлар жұмыс күндері сағат 9.00-16.00 аралығында, демалыс күндері 9.00-18.00 дейін жұмыс істейтін болды. Ал ХҚКО сағат 10.00-16.00 аралығында жұмыс істейді. ХҚКО басшыларына қызмет түрлерін мүмкіндігінше онлайнға көшіруге ұсыныс бердік. Банктерге де жұмысының 50 пайызын қашықтан атқаруға тапсырма берілді. Қоғамдық тамақтану орындары 21.00 дейін ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар, ас беруге шектеу қойылды. Өйткені осындай адам көп жиналған жерде 23 адамға дейін вирус жұқтыру жағдайлары тіркелді. Одан бөлек, конференция, көрме, форумдарды өткізуге де шектеулер қойып жатырмыз, - деді ол.