Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның қоғам қайраткерлері мен ата-аналары балалар семіздігіне әкеп соғатын «зиянды» азық-түлік өнімдерін реттеу шараларын енгізу қажеттігін айтуда. «Темекі түтінінен азат Қазақстан» қорының жетекшісі Жәмилә Садықова 2021 жылғы парламенттік сайлауалды науқаны кезінде осы мәселені заң тұрғысынан шешу қажеттігін мәлімдеген.
Праймериз қатысушылары арасында зиянды тағамдар мәселесін көтерген жалғыз мен ғана болдым. Мемлекет тарапынан қант, тұз, транс-май мен фастфуд тағамдары, тәтті газдалған және энергетикалық сусындар секілді зиянды тағамдарды қолдану көлемін азайтуға бағытталған шара қабылдануы қажет. Бұл мәселе бәріміз үшін, әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығы үшін маңызды, - дейді қоғам қайраткері.
Қазақстандық ата-аналар да бұл ұсынысты құптап отыр. Заң шығарушы органдардың тиісті шара қолданбай отырғанына көзі жеткен олар қоғам белсенділері мен қайраткерлердің бірлесуімен балалар арасындағы семіздікке қарсы күреске бағытталған @stop.ozhirenie атты жоба құрған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының болжамы бойынша, 50 жылдан кейін артық салмақ салдарынан болатын өлім-жітім күрт өседі. Ал Қазақстанда балалардың 20 пайызы артық салмақтан зардап шегіп отыр. Және бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді.
Қазақстанның ұлттық қоғамдық тағамдану орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, 10 жасар әрбір бала артық салмақтан зардап шегеді. Бастауыш сыныптары оқушыларының 19,1% -де артық салмақ бар. Олардың 1% -не семіздік диагнозы қойылған. Зерттеуге сүйенсек, қыздардан гөрі ұлдар артық салмақтан көбірек зардап шегеді екен. Қыздардың 5.5% артық салмаққа шалдыққан. Ал ұлдарда бұл көрсеткіш 6.5%. Қазақ балаларының 20%-інің күнделікті ас мәзірінде көкөністер мен жеміс-жидек жоқ. Есесіне, мектеп оқушылары газдалған және энергетикалық сусындарды көп ішеді. Ал ондай сусынның құрамында пайдалы заттың болуы екіталай.
Ата-аналар @stop.ozhirenie жобасы аясында қоғам мен тиісті бақылаушы органдар балалардың фастфуд, түрлі зиянды тәттілер, газдалған және энергетикалық сусындарды шамадан артық қолдануына көңіл бөлсе екен дейді. Өйткені «семіздік» сау ұрпақтың болашағына балта шабатын дерт. Қоғам белсенділері рейд шараларын өткізіп, энергетикалық сусындардың кез-келген дүкен, тіпті мектеп асханасында да сатылатынын анықтады. Ал, ондай сусындарды шығарушы компаниялардың өздері өнімді 16 жастан асқан жасөспірімдерге ғана қолдануға болады дейді.
Фастфуд пен тәтті газдалған сусынның зияндығы жайлы бұрыннан белгілі. Оның құрамындағы транс-май мен қант көлемі күнделікті қолдануға болатын мөлшерден бірнеше есе көп. Энергетикалық сусындардың құрамын зерттеп, оған мән беретіндер аз. Бұл сусындардың құрамында көп мөлшердегі қанттан басқа, бала денсаулығына үлкен қауіп төндіретін таурин мен кофеин бар. Натрий бензоаты болса, онкологиялық ауруларға әкеп соғуы мүмкін. Таурин аритмияға әкеп соқса, түрлі бояғыш заттар бауырға зиян тигізеді. Бір энергетикалық сусында 25 грамм қант болады. Бұл балалар бір күнде ғана тұтына алатын қант мөлшері. Сонымен қатар, энергетикалық сусындар адамның жүйе жүйесіне әсер етеді. Соның салдарынан адамдар ашуланшақ, мазасыз күйге түседі. Тағы бір кері әсері – энергетикалық сусынды тым көп ішкен адамның ұйқызы бұзылады екен. Ал балалар денсаулығы үшін уақытылы ұйықтап, тыныққан маңызды.
Дені сау жас ұрпақ өсіргіміз келсе, билік тарапынан нақты іс-шаралар қабылдануы керек.
Қоғам белсенділері зиянды тағамдарды жарнамалауды азайтып, балаларға газдалған және энергетикалық сусындарды, тәтті шоколад сатуға шектеу қоюды ұсынып отыр.
Қазір кез келген дүкенде бургер мен газдалған сусындар сатылады. Үйде баламызға ондай тағамдардың қаншалықты зиян екенін түсіндіреміз. Қандай тамақтың пайдалы екенін айтып, фастфуд алуға тыйым саламыз. Бірақ, далада ойнап жүрген баланы әркез бақылап жүру мүмкін емес. Мектепте де не жейтіні белгісіз. Әрбір ата-ана баласының сау болып өскенін қалайды. Бұл мәселені мемлекет дер кезінде қолға алып, шешу қажет, - дейді алматылық мектеп оқушысының анасы Әйгерім Құрманбекова.
Агрессивті маркетинг – балаларды дұрыс тағамдануға баулуға кері әсерін тигізетін құрал. Ұлттық қоғамдық тағамдану Орталығының зерттеулері бойынша, жарнама телевизиялық эфир уақытының үштен бірін алады. Оның ішінде газдалған сусындар мен фастфудтың жарнамасы көп. Бала түлгілі, ересектердің өздері кейде зиянды тағамдарды жиі қолданатыны рас. Олай болса, психикасы әлі қалыптаса қоймаған бала зиянды тағамдардан қалайша бас тартады?
Ресми мәліметтер бойынша, күніне бір тәтті газдалған сусын ішкен балалардың семіздікке шалдығу қаупі 55% артады. Ал, ересектерде бұл көрсеткіш төмен - 27%. Осыдан-ақ зиянды тағамдардың қаншалықты қауіпті екеніне көз жетеді. Сондықтан, кері әсерін тигізетін жарнаманы азайтудан бастасақ. Жарнамаға тапсырыс берушілер кейде өз өнімін құнарлы, нәрлі деп атайды. Шындығында, ол өте зиян тағам, - дейді Жәмилә Садықова.
Қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстан үкіметі балалар арасында артық салмақтың белең алуына қарсы күрес шараларын енгізу қажет. Бастапқыда дамыған елдердің тәжірибесін қолдануға болады. Мысалы, Жаңа Зеландияның азаматтығын алам деген адамның дене массасының индексі 35 бірліктен аспауы керек. Өйткені, жергілікті үкімет артық салмағы бар адам түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін екенін біледі. Ал, мемлекетке ауру-сырқау азаматтардың еміне қаржы бөлген тиімсіз. Финляндияда скандинавиялық серуен және велосипедпен жүру насихаталады. Балалар арасындағы семіздікке қарсы белсенді күресіп отырған елдердің бірі – Чили. Мұндағы билік балалардың тым көп артық салмақ қосып жатқанын байқап, мектеп асханаларында зиянды тағамдар сатуға заңмен тыйым салды. Балаларға арналған бағдарламалар кезінде фастфуд жарнамасын жіберуге болмайды. Зиянды тағамдарды жарнамалау кезінде баланың дауысын да қолдануға қатаң тыйым салынған.
Сонымен қатар, дамыған мемлекеттерде құрамында қанты бар тағамдарға акциз салығы салынады. Олардың ішінде Ұлыбритания, Франция, Ирландия, Норвегия және Чили бар. Мысалы, Ұлыбританияда 100 мл сусыннан 5г артық қант табылса, оның бір литріне 18 пенс (0,25USD) салық салынады. Ал 100 мл сусында 8г көп қант болса, литріне 24 пенс (0,33USD) салық төленеді.
Семіздік пен артық салмаққа қарсы нақты күрес шараларының жоқтығы – қыруар қаржы әкелетін бизнес үшін қолайлы. Семіздік болашақ ұрпақтың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Бүгінгі балалар ер жетіп, өздері ата-ана атанады. Олардың тағамдану мәдениетіне қарап өскен баланың қандай азық-түлік тұтынатыны белгісіз. Көз алдымызда белең алып, шиеленісіп бара жатқан мәселені шешу әлі де кеш емес. Ол үшін бала денсаулығын жақсартуға септесетін қажетті заңды шаралар қабылдануы керек.