BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Тоқаев: Алдағы 5 жылда 2 млн-нан астам қазақстандық өзінің әлеуметтік жағдайын оңалтуы керек

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

"Бүгін Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы тарихи маңызы бар құжат. Өйткені ол еліміздің азаматтарының әл-ауқатын арттырумен байланысты бірінші кезектегі мәселелерді шешуге бағытталған. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік негізі қаланды. Соған қарамастан Мемлекет басшысы қазақстандықтарды тиісті әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет деп есептейді. Енді Үкімет пен әкімдердің қызметі негізінен осы көрсеткіштер бойынша бағаланатын болады" - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуына қарағанда, Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасалған және оны түбегейлі оңалту бағытында нақты міндеттер қойылып отыр.

"Қорыта келгенде Елбасы ең өзекті деген мәселелер бойынша тек аудиториямен ғана емес, бүкіл Қазақстан халқымен интерактивті диалог орнатты. Тұрғындардың кірістерін арттыру, халықты толғандырған ең келелі деген проблемалар жөнінде салмақты сөз қозғалды. Президент мемлекеттің тыныс-тіршілігінен жан-жақты хабардар екендігін сенімді түрде паш етті. Осы тұрғыдан алғанда, ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге арттыру жөніндегі міндет үлкен маңызға ие болмақ. Өйткені ол 1 млн 300 мың адамның өмірімен байланысты мәселе. 275 мың мемлекеттік қызметшінің жалақысы 35 % өседі. Мемлекет басшысы мұғалімдердің мәселесін де назардан тыс қалдырмай, «Педагогтардың мәртебесі туралы» жаңа заң қабылдауды тапсырды. Президенттің ұстаздарға салынған жүктемені азайтып, үш ауысымды білім беру мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасы дер кезінде көтерілген әділ шешім дер едім. Сенаторлар қоғам арасында әбден шарықтау шегіне жеткен бұл мәселені осыған дейін бірнеше мәрте көтерген болатын. Енді міне, аталған Заңның орындалуына өз үлестерін қосуға дайын" - дейді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Тоқаев осы жолғы Жолдау қоғамда жауыр бола бастаған біраз мәселенің шешім табуына түрткі болады.

"Меніңше, Президенттің медицина, қоғамдық тамақтану мен көрсетілетін қызмет мәселелерін қамтитын Қызмет сапасын бақылау жөніндегі бірыңғай комитет құру жөніндегі бастамасы өтек өзекті. Бұның артында тұрғындарға сапалы қызмет көрсету сияқты әбден жауыр болған проблеманы шешуге деген ұмтылыс тұр. Сондай-ақ Елбасының ең соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған онкологиялық орталық салу мәселесін өткір қоюы да назар аудартады. Ол қазақстандықтардың денсаулықтарын нығайтып, күрделі жағдайға тап болған азаматтарды тиімді емдей біліп, оларды өлімнен арашалай алуымыз қажеттігін ерекше қадап айтты. Президент осы орайда күрделі індеттерді емдеуге жаңа жол таба білген учаскелік медицина мамандарының айлық жалақыларын 20 % көтеруді міндеттеді" - дейді ол.

Сенат төрағасының пікірінше Мемлекет басшысының тұрғындарды баспанамен қамту ісіндегі жайбасарлыққа алаңдауы де негізсіз емес.

"Осыған жауап ретінде Президент әкімдерге жергілікті бюджеттен жеңілдікпен берілетін ипотеканың бастапқы жарнасын субсидиялау мәселесін қарастыруды тапсырды және ірі қалаларда әлеуметік жағынан аз қамтылған азаматтарға арналған жалдамалы үйлердің құрылысын кеңейте түсуді міндеттеді. Міне, бүгінгі таңда мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен жас мамандар бізден тап осындай қадамдарды күтіп отыр. Алдағы 5 жылда 650 отбасы мен 2 млн-нан астам қазақстандық өздерінің әлеуметтік жағдайларын оңалтып алулары керек" - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың айтуына қарағанда Елбасы өз Жолдауында әрбір мәселені үлкен-кіші деп бөлмей, нақты шешу тетіктерін көрсеткен.

"Елбасының сөзімен айтсақ, Үкімет пен Парламенттің бірінші кезектегі міндеті «қарапайым дүниелердің» құрылысын кеңейтуге әкеп тірейді. Алайда қарапайым дүниенің артында үлкен, күрделі шаруалар жатады. Бұл ретте кәсіпкерлік ортаға қамқорлық танытып, бизнеске әкімшілік ықпал етудің алдын алу бірінші кезекте қолға алынуы тиіс шара болмақ. Бизнестің жол картасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылады. Шағын және орта бизнеске салық амнистиясы енгізілді, тікелей инвестициялар қоры құрылмақ. Ендігі кезек кәсіпкерлерде. Маған Парламент депутаты ретінде Елбасының құқықтық реформаларды қарқынды жүзеге асыра отырып, заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері ерекше ұнады. Ол ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасау қажеттігін айқындап, нақты міндеттер қойды" - дейді ол.

Сенат басшысының айтуына қарағанда, Мемлекет басшысы сыртқы сауда саясатымызға көңілі толмайтындығын білдірді.

"Расында да халықаралық сауда және қаржы нарықтарында қызу қарбалас болып, санкциялар мен ықпалдастықпен байланысты мәселелердің ушығып тұрған кезінде Үкіметке отандық тауар өндірушілерді тиімді қорғай білу маңызды. Қазақстан нарығын тауар импортынан қорғау қажет. Мемлекет басшысы алдыға қойған міндеттерді тиімді жүзеге асыру қабылданатын заңдардың сапасына байланысты. Парламент Сенатының депутаттары атқаратын жұмыстың басты мақсаты елдегі реформалардың ауқымды және жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге қауқарлы заңнамалық базаны жаңғырту»,-дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер