Құрық порты – Транскаспий дәлізінің маңызды бөлігі - Жолдау|09 Тамыз 2018, 17:59
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.66 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Құрық порты – Транскаспий дәлізінің маңызды бөлігі

Фото: ашық дереккөзден

Құрық порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Ақтау портының оңтүстігіндегі табиғи шығанақ. Ауа райы қолайлы болған соң мұнда жыл он екі ай тоқтаусыз автокөлік пен теміржол паромы жұмыс істейді. Осы орайда Baq.kz тiлшiсi Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамасы Құрық порты мен ондағы паром кешені туралы шолу жасап көрген едi.

Құрық порты – Президенттің стратегиялық бастамасы

Каспий теңізі арқылы батыс бағдарда экспорттық әлеуетті күшейту үшін паром қызметін қолдану туралы Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол –Болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылды. Президенттің стратегиялық бастамасымен Қазақстанды ірі іскерлік, транзиттік, өңірлік хабқа айналдыруда теміржол көлігі мен теңіз инфрақұрылымының маңызы өте зор.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының синергиялық жобасы Құрық портында қосарланған технологиялық инфрақұрылымды жасақтауға мүмкіндік береді. Боржақты-Ерсай теміржол желісі салынып, порт айдынына тірелді. Қазіргі кезде Ақтау мен Құрық портын жалғайтын үшінші техникалық категориядағы екі жолақты жолы салынуда. Сонымен қатар Атырау-Астрахан жолы салынуда. Бұл екі жолды салудағы мақсат Өзбекстан, Ресей, Қытаймен жүк жеткізу мерзімін қысқартып, тауар айналымын күшейту. Бұл ел экономикасын дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді. Жоба аясында Ақтау портының солтүстік жағалауын кеңейту кезінде үш терминальдық нысандар іске қосылды. Бұл өз кезегінде басты жүктерді өткізу көлемін екі есеге өсірді.

Құрық портындағы паром кешенінен жылына миллиондаған тонна жүк өткізіледі

2015 жылы сәуірде Құрық портындағы өткізу кешені нысандарының құрылысы басталды. 2016 жылы 6 желтоқсанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген Жалпыұлттық телекөпір кезінде порттың алғашқы өткізу кешені мен теміржол жолы іске қосылды.

«Құрық порты бізді Кавказ бен Еуропаға шығарады. Бұл біздің жаңғыртуды дамытудағы көптен күткен жобамыз»,- деп атап өтті Назарбаев.

Мемлекет басшысына теміржол және порт инфрақұрылымының құрылысы аяқталып, алғашқы теміржол құрамын тиеуді бастауға дайын екендігі туралы баяндалды. Телекөпір кезінде паромға вагондар тиелді.

2017 жылғы 6 желтоқсанда Мемлекет басшысы Жалпыұлттық телекөпір кезінде Құрық портындағы Автокөлік айлағы мен автомобиль паромына арналған гидротехникалық ғимаратты тестілік режимде қосу жүзеге асырылды.

«Біз пароммен өткізу жолын аштық. Ендігі жерде автокөлік паромы Құрық порты арқылы Құрық-Баку-Грузия-Түркия, Босфор шығанағы Еуропа бағдарына шығуға дайын. Енді біз Қазақстан құрлықтағы ел, барлық теңіздерге оның ішінде Парсы шығанағына да шығатын боламыз. Біз Қазақстан үшін аса ауқымды жұмыстарды атқардық»,- деп атап өтті Назарбаев телекөпір кезінде.

Мамандар теңіз айдынының табанын тереңдетті. Ендігі жерде автомобиль айлағымен жүк авокөліктері өткізіледі. Автокөлік айлағының ұзындығы 174 метрді құрайды. Жүк және жолаушылар өткізу бекеті салынды. Автокөліктер радиациялық бақылау жүйесімен тексеріледі.
Автомобилге қажетті инфрақұрылымдар – кедендік ресімдеу ғимараты мен уақытша сақтау қоймасының тиянақты тексеру ғимараты салынды. Сонымен қатар порттың әкімшілік және өндірістік ғимараттары, сұрыптау станциясы, трансформатор шағын станциясының кешені құрастырылды.

2017 жылы 19 қазанда Құрық портының теміржол паромы терминалы алғашқы миллион тонна жүкті өткізді. 2017 жылы 1,5 миллион тонна жүк өткізіліп, 320 кеменің портқа кіру жайы тіркелген. 2017 жылы желтоқсанда Құрық портында «Әзербайжан Каспий теңіз кеме көлігі» ЖАҚ Ro-Ro тектес «Бястякар Гара Гараев» кемесімен жеңіл және жүк автокөліктері өткізілді. Кеме 27 жүк және бір жеңіл көлік пен 30 жолаушыны тиеді. Кеменің жүк көтеру қуаты 3463 тонна болса, ұзындығы 125,25 метр, ені 16,22 метрді құрайды.

2018 жылғы 7 айда 1,2 миллион тонна жүк өткізілген. Паром кешені астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыш, химиялық заттар мен басқа жүктерді өткізе алады.

Порт – Транскаспий дәлізінің маңызды бөлігі

Құрық порты Қытай, Қазақстан арқылы өтетін Каспий теңізімен шығып Әзербайжан, Грузия, одан әрі Түркия мен Еуропа елдерін жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағдарының желісінде орналасқан. Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ)Үйлестіру комитеті «ҚТЖ» ҰК» АҚ бастамасымен Транскаспий бағдарына барлық қатысушылардың қосылуымен құрылды. Үйлестіру комитеті қатысушы мемлекеттердің барлығының мүддесін ескеріп, осы бағдарда жүк ағынын реттеп отырады. ТХКБ аумағындағы елдердің мүддесін ТХКБ Халықаралық қауымдастығы Азия мен Еуропа бағдарына жүк жіберу мен кері қарай жөнелтудегі өзара жұмыстарын үйлестіріп, мүдделерін ескеріп отырады. Қауымдастық әкімшілік кедергілерді жеңілдетіп, бәсекелестікті жүзеге асырады. Әр елдердегі компаниялардың тиімді жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ТХКБ аумағына кірмейтін мемлекеттердің де мүддесін ескереді.

Жаңа Құрық паром кешені ТХКБ аумағындағы көлік-логистикалық жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі болып саналады. Оның тиімді жұмыс жасауы Қазақстанның халықаралық сауда қатынасын жақсартуға қызмет етеді. Қуатты жүк ағынын тоқтаусыз жүзеге асыру «Жаңа Жібек жолы» жобасының жаңа тізбегін қалыптастырады. Құрық порты паром кешенін пайдалануға беру Қазақстанның теңіз қақпасы аясын кеңейтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін дамыта түседі.

Құрық порты Каспий теңізінің логистикалық тізбегінің өткізу әлеуетін 2020 жылдары 6,1 миллион тоннаға жеткізеді. Каспий теңізіндегі порттардың қазақстандық логистикалық тізбегінің әлеуеті жылына 25,6 миллион тонна болады.

Паром кешені – жүк өткізуге арналған заманауи теңіз кешені

Құрық порты паром кешені еліміздің халықаралық көлік дәліздерімен қосатын логистикалық тізбек құрамына жатады. Сол арқылы жүк жеткізу мерзімін барынша азайтып, тасымалдау үдерісін жеңілдетіп, тауар бағасын арзандатады. Құрық портының паром кешені еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін, көлік дәлізінің бәсекелестігін дамытып, мультимодальдық тасымалдауды өсіреді. Қазақстанның инфрақұрылымын Еуразиялық халықаралық сауда ағынына қосады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер