BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 372.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Келесі жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы құптарлық бастама – Бауыржан Жақып

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Жиын барысында Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Жолдауда айтылған маңызды бастамаларға тоқталып өтті.

«Президент Жолдауы кезінде еліміздің тәуелсіздік кезіндегі жетістіктерін кіріспе сөзінде айтып өтті. Соның бірі халық санының 18 млн-нан асқаны, соңғы 20 жыл ішінде шетелден инвестиция тарту жоғары деңгейге жетіп, 300 млрд АҚШ долларын құрағанын айтты. Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жөніндегі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36 орынға көтерілгенін жеткізді. Жолдаудағы тағы бір көңіл аударатын жайт 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге дейін көтерілетіндігі. Сонымен қатар, 3 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіне қосымша 500 млрд теңге бөлінетіндігін, басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру үшін Ұлттық Банкке 600 млрд теңге көлемінде ұзақ мерзімді қаржы бөлінетіндігін жеткізді. Сондай-ақ бюджеттік қызметкерлер, оның ішінде денсаулық сақтау саласының, мұғалімдердің, полиция қызметкерлерінің жалақысы көтерілетінін айтты. Педагогтың мәртебесі туралы заң қабылдау мәселесі көтерілді. Бұл үлкен оңды мәселе деп ойлаймын», -деді ол.

Сонымен қатар ол, елімізде бұған дейін «100 мектеп, 100 аурухана» салу бағдарламасы іске асырылғанын және осы Жолдауда дене шынықтыру мен сауықтыру кешендерін салу туралы айтылғандығын жеткізді.

«Президент сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үрдістеріне зор серпін берді, бұл бастаманы ары қарай жалғастырып қоймай оның аясын жаңа мазмұнмен, жаңа бағытпен толықтыру қажет», деген пікірін білдірді. Осы бағытта біздің Жазушылар одағы да біраз шаруалар атқарып жатыр. Жер-жерде дүниеден өткен ақын-жазушыларды еске алу шарасы өтті, жақында Астана қаласында Еуразия форумы ұйымдастырлды. Оған Қазақстаннан 60-қа жуық ақын-жазушылар қатысты. Келесі жылы Жазушылар одағының 85 жылдығы. Оны тиісті деңгейінде атап өту жайында жоғары жаққа құлаққағыс етіп айтып жатырмыз»,- деді Б. Жақып.

Сөз арасында ол, Елбасы Жолдауда келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауы құптарлық бастама екендігін жеткізді.

«Біз жас әдебиетшілерді қолдаймыз. Жастардың әлеуметтік жағдайы шешілмесе, олардан қандай шығармашылық күтуге болады? Сондықтан «Жастар жылы» деп жарияланғанының өзі бізге тірек болып тұр. Өткенде 20-ға жуық жас қаламгер Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Оларды тек қабылдап қана қоймай кітаптарын шығарып, әлеуметтік жағдайын шешу сияқты көптеген мәселелер бар», -деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер