BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Қазан Жолдауында мектеп туризмін қайта жаңғырту мәселесі көтерілді – профессор

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Экономикалық зерттеу орталығының директоры Саябек Зиядин қазан Жолдауы бойынша пікір білдірді. Ол Жолдау барысында Елбасы «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту мәселесін көтергенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Саябек Зиядиннің айтуынша, байтақ еліміздің әр өңірі танымдық тарихи-шежірелі әрі маңызы зор мәдени нысандарға, мұражайлар мен қорықтарға бай. Оның үстіне, демалып саяхаттау үін шипалы суы мен көк желекті табиғаты да бар. Міне, осыларды Елбасы айтқандай, мектеп оқушыларына кеңінен таныстырсақ, ішкі туризмді дамытуға да үлес қосар едік.

«Иә, еліміз тарихы терең мекендерге өте бай. Қазақтың байтақ даласы жер асты байлығымен ғана емес, шежіреге толы мазарларымен, тарихи көне жәдігерлерімен де құнды. Мәселен алыптар мекені болған Шығыс Қазақстан облысындағы әдеби-мемориалдық Жидебай қорығын айтуға болады. Ондағы класссикалық әдебиетіміздің алтын діңгектері – Абай Құнанбаев пен М. Әуезовтің мұражайлары, Сарыкөл, Қоңыр әулие үңгірлері, Еңлік – Кебек ескерткіштері бар. Еліміздің өзге өңірлеріндегі осындай тарихи ескерткіштер мен мұражайларды тамашалауға мектеп ұйымдары көшпелі ақылы туризмдер ұйымдастыруы керек. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» дегендей өзіңді сыйлау дегенді бұл арада – өзіңді ғана емес, еліңді, жұртыңды, мәдениетіңді танып білу, рухани биік болу деген кеңейтілген мағынада да қолдануға болады. Ол үшін туған жердің тарихын оқы, біл, үйрен, саяхатта, ұлылар еліне барып, тәуәп етіп, сапарлап-саяхатта. 1899 жылы «Русский турист» журналында арнайы мектеп туризміне арналған жеке айдар пайда болған. Сол айдарда апта сайын қай мектеп оқушылары қандай елдімекендерде болғаны туралы қызықты мақалалар жарияланып отырған. Осы арқылы басқа мектеп оқушыларының дәл сол жерге баруына себеп болған екен. Қазіргі цифрлы дәуірде фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілері арқылы дәл осы мектеп туризімін ел ішінде маңызды үрдіске айналдыруға болады. Мектеп оқушылары арасында республика көлемінде эссе, шығармалар жазудан байқау өткізсе тіптен жақсы болар еді», - дейді ол.

Сонымен қатар ол, болашақта Қазақстандағы туризм өңірлік қана емес жаһандық сипат алу керектігін жеткізді.

«Ол үшін, яғни еліміздегі туризмнің өркендеуі үшін тарихи орындарымыз, шипалы өзен-көлдеріміз, жер жанаты Көкшетаудағы ғажайып мекен –Бурабай, шипалы Алакөл және тағы басқан мекендерді инновациялық және мәдени орталық ретінде дамытып қалыптастыруды қамтамасыз ете білсек, мемлекеттік бюджет айтарлықтай толығып, әлеуметтің әл-ауқаты көтерілер еді. «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет» деп елбасы жолдауында айтылғандай туризмнің барлық түрін Қазақстанда дамытуға болады, жұмыла көтерген жүк жеңіл, оған барлығымыз ат салысуымыз қажет. Ал түбегейлі мақсат – цифрлы туризмді дамыту болуы керек», - дейді профессор.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер