BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Жолдау аясында қылмыстық процесс электронды форматқа көшіріледі – Бас Прокурор

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров Назарбаевтың биылғы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне арналған Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Құрметті әріптестер!

Сіздер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен таныстыңыздар. Президент өзінің Жолдауында еліміздің алдында тұрған 10 басты міндетті атап көрсетті. Соның бірі – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі. Бұл – құқық қорғау органдарына жүктеліп отырған басты міндет.

Жолдауда Нұрсұлтан Әбішұлы сот және құқық қорғау жүйесінде болған өзгерістерге тоқтала келіп, олардың заңдылықты нығайту үшін маңызды екенін ескертті. Былтыр Президенттің бастамасымен құқық қорғау қызметін жаңғырту туралы Заң қабылданды. Бұл Заңмен қылмыстық процеске бірқатар ірі өзгеріс енгені жөнінде білесіздер. Алдымен, тергеу сатысында сот бақылауы күшейтілді. Қазір адам құқығын шектейтін тергеу әрекеттеріне санкция беру толығымен соттың құзыретінде. Яғни, мұндай өкілеттіктерді кезең-кезеңімен сотқа беру аяқталды.

Кәмелетке толмағандарды, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарды ұстау мерзімі едәуір қысқарды. Енді жасырын тергеу әрекеттері аяқталған соң, ол туралы азаматтарға хабар беріледі. Ал, азамат болса залал келді деп сотқа жүгіне алады. Бұл түзету Конституция бекіткен адам құқығын қорғаудың тағы да бір кепілі болмақ. Қорғаушының құқықтары кеңейтіліп, қылмыстық процестің жарыспалығы артты.

Экономикалық қылмыстар үшін енді адам сотқа дейін қамауға алынбайды (оқшаулауда ұсталмайды). Ол үшін Заңда көрсетілген нақты негіз болуы тиіс. Егер кәсіпкердің шығын келтіргенін дәлелдейтін тексеру, ревизия не аудиттің актісі болмаса, қылмыстық іс қозғалмайды. Бұл өзгерістер, ең алдымен, қылмыстық орбитаға тартылған адамдардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Сондықтан, барлық құқық қорғау органдары өз күштерін конституциялық кепілдіктерді нығайтуға жұмсауы тиіс. Бұл – Президенттің бізге жүктеп отырған басты міндеті. Оған біздің күшіміз де, өкілеттіктеріміз де, құралдарымыз да жетеді. Өз тарапынан прокуратура органдары құқық тәртібі органдарының құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыспен күрес жөніндегі қызметін үйлестіреді.

Тағы бір мәселеге назар аудару қажет. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде құқық қорғау саласына цифрлы технологияларды енгізуді одан әрі жалғастырамыз. Онсыз біз құқық қорғау жүйесін дамыта алмаймыз. Сол себепті, қылмыстық процесс біртіндеп электронды форматқа көшіріледі. Цифрлау халықпен байланысты нығайтып, артық әкімшілік кедергілерді жояды.

Біздің тағы бір міндеттіміз - азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы қарап, оларды сапалы шешу. Бұл мәселе Елбасы берген тапсырмаларды орындаудың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді құралы болуы тиіс. Сондықтан біз Құқық қорғау қызметі орталықтарының жұмысын әрі қарай жетілдіретін боламыз. Халықтың бізге деген сенімін арттыру, қызметіміздің басты өлшемі болып қала бермек. Сіздерге Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауда нақты нәтиже тілеймін!

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры
Қайрат Қожамжаров


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер