BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Амангелді Қашқымбаев: Адами капиталды дамыту – сапалы білім беру жүйесін құруға негізделеді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидалары талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі Жолдаудың ерекшелігі – Төртінші өнеркәсіптік революция тұсында мемлекетті дамытуға бағыт алуында. Стратегиялық тың құжатта Президентіміз ел дамуындағы өзекті мәселелердің шешу тәсілдерін белгілеп, көкейкесті сауалдарға жан-жақты жауап жазған. Елбасы негізгі он міндетті белгілей келе, заманына сай, алдыңғы қатарлы мемлекетке айналудың жолдарын нұсқады.

Президент Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстелдің модераторы ретінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов сөйледі. Сөз барысында ол Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңін бастайтынын айтты:

– Қазақстан Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне зор мүмкіндіктерімен, тұрақты экономикасы мен бірлігі жарасқан халқымен қадам басады. Алайда қазіргі заманның сын-тегеуріндері күрделі болуымен қатар, шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдауды талап етеді, - деді ол.

Стратегиялық тың құжатта белгіленген білім берудің озық жүйесін құру мәселесіне Әмірхан Мұратбекұлы ерекше көңіл бөлді:

– Мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастап жоғарғы білім беру жүйесіне дейінгі бағдарламалардың мақсаты – өзгерістерге бейім болу және жаңа білімді меңгере білу қабілеттерін дамыту болып отыр. Демек, Жолдауда көзделіп отырған жаңа білім беру жүйесін инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың бір саласы деп қарастыруға болады. Бұл жүйе жұмысының негізгі мақсатын Елбасы келесідей сөздермен жеткізді: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», - деп Ә.Рахымжанов сөзін түйіндеді.

Талқылауға еліміздің белгілі тарихшылары мен саясаттанушылары қатысты. Атап айтқанда, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, саяси ғылымдардың докторы Ә.С. Қайдарова «Жастар – ҚР Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауының басты нысаны» тақырыбын қорғады.

Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы А.К. Мұқышбаева «Қаржы секторын қайта іске қосу – іскерлік және экономикалық белсенділікті арттыру алғышарты» тақырыбында баяндама оқыды.

Елбасы кітапханасы Ұйымдастыру қызметінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы Ж.І. Қуанышев «Экономикалық блок – Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері: Индустрияландыру. Ресурстық әлеует. Аграрлық өнеркәсіптің өнімділігі» тақырыбында сөз сөйледі.

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты С.К.Бердагулова «Цифрлық технологияларды жаппай енгізу – Мемлекет басшысы Жолдауының басты міндеті», Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері А.А.Альшанская «Адами капиталды дамыту – «Адами даму индексі бойынша Қазақстан рейтингі» тақырыбында баяндама оқыды.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында адами капиталды дамыту мәселесіне зор көңіл бөледі. Оны қалыптастыру алғышарттарының бірі – сапалы білім беру жүйесін құру. Демек, негізгі өзгерістер педагогтар мен жастар қауымына байланысты болуы тиіс. Олар – жаңа Қазақстан қоғамын қалыптастырудың негізгі факторы, - деді Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаев.

Жолдаудың стратегиялық мәнін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың кандидаты Тимур Шаймергенов түсіндірді:

– «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы рухани жаңғыру идеясын жалғастыратыны сөзсіз. Мұның бәрі 2050 жылғы озық 30 мемлекеттің қатарына кіруімізге кепіл береді. Биыл Мемлекет басшысы жаңа міндеттерді белгіледі. Олар өткен жылғы міндеттерді толықтырып қана қоймай, ұлттық деңгейдегі ірі стратегиялық мәселелерді шешеді. Соның арқасында әр Жолдау алдағы отыз жылға қойылған мақсаттарға қол жеткіздірмек. Мемлекет басшысы мемлекетті бағдарламалық-мақсатты басқарудың озық үлгісін көрсетуде. Бұл Елбасы моделінің бір ерекшелігі.

– Мемлекет басшысы Жолдауының институты Қазақстан Республикасы мемлекеттік стратегиясының басты бөлігіне айналды. Ол – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев бастамасы, оның жүзеге асырып жатқан басқару стратегиясы. Жолдау институты – Қазақстан халқы әлеуметтік инженериясының негізгі бөлігі. Бүгінгі дөңгелек үстел аясында Елбасы кітапханасында талқылау және түсіндіру жұмыстарынан бөлек, негізгі он міндетті орындаудың амалдары ортаға салынды. Сарапшылар қауымы іске асырудың жолдарын ұсынып, жұмысты талап ететін мәселелерге көңіл бөлмек, - деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова.

Дөңгелек үстел Президент Жолдауын түсіндіруге бағытталған Елбасы кітапханасының іс-шаралар тізбегін жалғастырады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер