BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Ахметова: Елбасы Жолдауы – ЖОО-дың даму бағытын айқындайды

Фото: Павлодар мемлекеттік университеті

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» халыққа Жолдауында жоғары оқу орындарына маңызды мақсат-міндеттер қойылып, жауапкершілік жүктелгені мәлім. Өңірдегі ірі университеттер еңбек нарығына сай маман даярлау ісін жетілдіруді көздейді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Айта кетейік, Елбасы заман көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті болуға қауқарлы мамандарды даярлау мен университеттердің жауапкершілігін арттыруға баса назар аударды.

Павлодар мемлекеттік университеті жоғары білім берудің сапалық деңгейіне көтерілу мақсатында Елбасы қойған тапсырмаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.

«Біз әлемдік ғылыми-академиялық үрдістің толыққанды мүшесі болу ұлттық білім беру жүйесінің беделін арттырамыз. Бірінші кезекте, жоғары мектепте бәсекелестікке қабілеттіліктің бірыңғай кеңістігін құру қажет. Бұл белесті бағындырудың бір жолы – қазақстандық студенттер мен оқытушыларға шетелде білім алуға мүмкіндік беретін академиялық мобильділік бағдарламасы. Бүгінде әлемнің көптеген жетекші университеттерімен серіктестік орнатып, отандық білім беру үрдісіне Швеция, Үндістан, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Болгария және Хорватия мемлекеттерінің ғалымдарының тәжірибесін кеңінен қолданып жатырмыз», - дейді С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Гаухар Ахметова.

Жоғары оқу орны түлеп ұшқан жастардың жұмысқа орналасуын да қадағалау ісін оң жолға қойған.

«Жоғары оқу орнының табыстылығын түлектердің оқудан кейінгі еңбекпен қамтылып, нарықта өз орнын алуымен өлшенетіні анық. Айта кетейік, 2016 жылы ПМУ түлегінің орташа жалақысы 75,9 мың теңге болса, былтырғы жылы 91,5 мың теңгені құрады. Осылайша, табыс көлемі 20%-ға артты. 2017 жылы тәмамдаған жастардың 98 %-ы екі қолға бір күрек тапты», - дейді ректор.

Президент «болашақтың экономикасы» сияқты инновациялық бағыттарын дамыту керектігін баса айтты. Бүгінде университетте Павлодар облысындағы өндірістік ошақтардың қалдықтарынан құрылыс материалдарын өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, халықаралық EXPO-2017 көрмесінде көрсетілген күн батареялары негізіндегі шамдар мен электрэнергиясын өндіруге арналған жаяу жүру плиталары жобалары қолға алынған.

«ПМУ ғалымдары қалдықсыз жанар-жағармай түрлерін жасау, заманауи құрылыс материалдарын, нақтырақ айтқанда, жергілікті шикізат негізіндегі цементсіз бетондар мен керамикалық гранит өндіру бойынша жобаларын әзірлеуде. Осылайша, біз Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамаларын назарға алып, нарыққа қажет мамандарды даярлау сапасын арттырудың даңғыл жолына түстік», - дейді Гаухар Ахметова.

Айта кетейік, ЖОО 66 бакалавриат, 46 магистратура, 4 PhD докторантура мамандықтары бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде әртүрлі бағытта жоғары кәсіби мамандарды дайындайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер