BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Бөкей мектептері

Астана. 19 қараша. BAQ.KZ – Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайыр ханның шөбересі Жәңгір хан жайында сөз қозғалса ең алдымен Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс еске түседі. Махамбет Өтемісұлының «Хан емессің, қасқырсың» деп басталатын өлең жолдары да осы Жәңгір ханға байланысты айтылған. 

 Ол – Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы. Шені – генерал-майор, азан шақырып қойған аты - Жиһангер.
1815 жылы әкесі мұрагерлік салтқа сәйкес хандық тақты Жәңгірге берген. Алайда, Жәңгір жас болғандықтан, Бөкейдің тапсыруы бойынша хандықты Бөкейдің інісі Шығай сұлтан басқарады. 1823 жылға дейін Жәңгір Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, еуропаша білім алған. Сол жерде хандықты әкімшілік тұрғыдан басқару әдіс-тәсілдерін де үйренген екен. Ал, 1823 жылдан бастап билік хан тағының заңды мұрагері Жәңгірдің қолына көшті.
Бұл уақытта елдегі жағдай шиеленісіп тұрған. Халық батырлары Исатай мен Махамбеттің ханға қарсы шығатын кезі осы. Алайда, біз бұл оқиға жайында айтқалы отырғанымыз жоқ. Біз Жәңгірдің ағарту саласына қосқан үлесі жайында сөз қозғамақпыз.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Бөкей ордасы аумағында қазақ жастарына арнаулы білім беру мақсатында ашылған оқу орындарының бірі 1841 жылы 6 желтоқсанда Жәңгір ханның бастамасымен тұңғыш рет Орда қаласында ұйымдастырылған орысша-қазақша мектеп. Мұнда ең алғашында 25 оқушы білім алған. Ал, 1868 жылы Бөкей ордасының жеті әкімшілік-аумақтық бөлігінде бастауыш мектептер ашылды.
Жәңгір хан салғызған ең алғашқы мектеп 1879 – 1880 оқу жылында 2 кластық училищеге айналған болатын. Ханның ағарту саласындағы бұл бастамасы дереу жалғасын тауып, Бөкей ордасында бірінен соң бірі оқу орындары ашылды. Мәселен, 1883 жылы Ордада қазақ қыздарына арналған мектеп, 1893 жылы Қанішкенде екі кластық училище, 1895 жылы Хұсни-Жамал Нұрлыханованың қазақ қыздарына арналған жеке мектебі ашылды.
Жалпы алғанда, 1845 жылы Жәңгір хан қайтыс болғанға дейін Бөкей ордасындағы мұсылман мектептері \нің саны отыз сегізге жетті. Кейінірек, араға жарты ғасырдай уақыт салғаннан кейін мұнда орысша білім беретін мұсылман мектептері де алғаш шәкірттерін ұабылдаған болатын.
1845 жылы Жәңгір хан кенеттен белгісіз жағдайда қайтыс болады. Ол Бөкей ордасының үшінші және ең соңғы ханы еді. Одан кейін хандық билік мұрагерге берілген жоқ. Басқарудың жаңа құрылымы – Уақытша кеңес Ресей империясының Бөкей ордасын басқару құралы болды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер