USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Арқаның аяулы қаламгері Мәди Хасенов

Дарынды жазушы, журналист, публицист Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мәди Хасенов тірі болса биыл 80 жасқа толар еді. Оның барлық саналы ғұмыры, бүкіл шығармашылық еңбек жолы Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Арқа ажары» газетінің шежіресімен қоса өрілді.

Мәдени Хасенов 1936 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданының Қошқарбай ауылында туған. Ол Көкшетау педагогикалық училищесінің мұғалімдер дайындайтын бөлімін аяқтаған соң Киров атындағы мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Жазушының «Нартәуекел» атты романы, «Тұлпардың дүбірі», «Тайталас» повестері мен «Алғашқы ән» әңгімелерінің жинағы секілді оннан астам еңбегі жарық көрген. Мәди Хасеновтің әдеби шығармаларына негізінен қазақ ауылдарының тіршілігі, тыңдағы еңбек адамының бейнесі, жалпы адамгершілік қасиеттер арқау болған. СССР журналистер одағының мүшесі болған қаламгер өзіне «Зерендин» деген әдеби псевдоним қолданған екен.

Жазушы-журналист «Менің замандастарым» атты очерктер мен деректі әңгімелер жинағына республикаға аты әйгілі Наталья Владимировна Геллерт, Нұрғабыл Мәлғаждаров, Сұлтанхамит Балғожин секілді көптеген майталмандар еңбегін арқау еткен. Осы деректі материалдарының бірі - «Ауруға ем, сауға қуат» аталатын очеркінде бие сауып, қымыз жасайтын механикаландырылған заманауи ферма мәселесі сөз болады. Жылқы түлігіне көбірек көңіл бөлініп, бие байлау жөніндегі ауыл қарттарының «қымыз бабымен ашып, ұзақ піскенді, ішер алдында көп сапырғанды ұнатады, күбіні күнде жуып отырмаса қымыздың дәмі келіспейді» деген ұсыныстары назарға алынған. Алайда фермадағы жүз литрлік күбілерді жуу тұрмақ пісу де оңай соқпайды. Сондықтан тоқпен істейтін пішпек жасау керек. Одан былай сауын агрегатына биелердің бойын үйретудің де өзіндік машақаты бар. Осылайша қаламгер айтуға оңай цифрлардың төңірегінде қаншама еңбектің жатқанын шебер суреттейді. Оның кез-келген публицистикалық мақаласы оқуға жеңіл, ойы жинақы. Ал автор нағыз көсем сөздің қас шебері.

Осы жинағындағы енді бір очеркіне жас орманшының еңбегі арқау болған. Жыландының қойнау-қуысын түгел аралап, онымен қанаттас Маралды, Сандықтау, Арықбұлақ таулы ормандарын шарлаған, сол жасыл әлемге жанашыр, қомқоршы Қазыкеннің әу баста ұстаған қағидасы – бір ағашты жықсаң, орнына екі көшет отырғыз. Ал осы ағаш атаулының қолдан қалай егіліп, қалайша өсіп-өніп жатқанына былайғы адам мән бере ма? Жаңадан қылтанақтап келе жатқан көшет түйенің ботасынан артық күтім тілейтініне илана қоя ма?

Кеңес уақытында Алматыдан шалғай саналатын Целиноград өңірінің тіршілігі жайындағы очерктері «Қазақстан», «Жалын», «Жазушы», «Қайнар» баспаларынан жарық көріпті.

Ақмола қаласынан шығып тұрған «Сарыарқа» журналы 1997 жылғы қаңтар айындағы санында Мәди Хасеновтің «Қиянат» романынан үзінді жариялаған екен. Сөз басында жазушы туралы «Халқымыздың басынан кешкен соңғы дәуірдің астаналарын көркем суретпен бейнелей отырып сан қырлы кейіпкерлер жасайды. Жазушы Мәди өзі дүниеден ерте өтсе де халқының қажетін айтып кеткен жазушы»,- деген пікір жазылған. Ол рас.

Көкшетау мен Қараөткелдің төл перзенті Мәди Хасенұлы Ақмола өңірінде бүкіл саналы ғұмырын өткізіп, облыстық «Арқа ажары» газетінде табан аудармай отыз бір жыл қызмет атқарып, елу алты жасқа қараған шағында 1992 жылы дүниеден озған.

Жазушының қаламынан туған көркем және деректі шығармалары өз оқырмандарының ыстық ілтипатына бөленіп, лайықты бағаларын алды.

Шара Батталғазиева

Астана қаласы мелекеттік мұрағатының қызметкері

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады