BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Үшінші жаңғыру - Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан біраз жыл бұрын бір сөзінде «өзгеріс дауылы тұрғанда оған қарсы қорған емес, желкен тұрғызу керек» деп әдемі айтып еді. Шындығында, қазіргі әлем үздіксіз өзгерістер үстінде. Ондай өзгерістер дүниеге біртіндеп емес, бірден батпандап еніп жатыр. Соның бір ғана мысалы - ақпарат ғасырындағы жаңалықтың шапшаңдығы, дейді ҚазАқпарат агенттігінің сарапшысы.

Бүгінгі енгізген технологияңызды дамытып отырмасаңыз, ертең-ақ ескіріп шығуы ықтимал. Екінші жағынан алғанда әлемнің апшысын қуырған өзгеріс - мұнай мәселесі. Бір жағынан алып қарағанда, әлемде «қара алтын» деп жоғары бағаланатын осы шикізаттың қоры таусылардай азайып барады деген дабыл қағылуда. Алайда, азайған затқа сұраныс та күрт артып, оның құны шарықтауы керек еді. Бұлай болған жоқ. Керісінше, мұнайға бағаның құлдырауы соңғы жылдары біраз мемлекеттің үлкен мәселесіне айналып шыға келді.

Міне, осындай жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан өз «желкенін» қалай құлатпау керек? Құлатпау дегенге себеп - дағдарысқа қарсы «желкен» 2012 жылы тұрғызылған болатын. Ол - «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы Стратегиясы әлемдік қиындықтарды болжап қана қоймай, ықтимал өзгерістерден де мемлекет үшін мүмкіндіктерді қарастырады. Ал мұндай мүмкіндік Елбасының бүгінгі Жолдауында айтылған Үшінші жаңғырту жөніндегі міндет аясында көрініс тауып отыр.

«Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл - жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз. Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер - әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін», - деп атап өтті Президент.

Сонымен Қазақстанның Үшінші жаңғыруы қалай болмақ? Бұл сұраққа Президент Жолдауында: «Бұл жаңғыру - қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» базасында өткізіледі» деген жауап берілді. Бұнда экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған негізгі бес басымдық қарастырылады.

Бірінші басымдық - экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту

Бүгінгі жаһандық дамуда бәсекеге қабілеттілік - ең басты қару. Дәуіріміздегі жаңа жаһандық қатерлерге қарсы мемлекеттің бәсекелестігін арттыру арқылы кез келген мемлекет жаңа индустрияландырудың ғаламдық үдерісіне қосыла алады. Осы ретте көптеген дамыған елдердің мысалын қарастыра отырып, экономиканы ынталандыру үшін жаңа технологиялар енгізудің маңызын сезетін едік. Яғни, соңғы жылдары шапшаң дамып жатқан интернет саудалары, энергоүнемді желілер, транзакцияларды жүзеге асыру бағытындағы мобильді қосымшалар және тағы басқалары - ең үлкен басымдыққа ие болып отыр. Ендеше, бәсекеге қабілеттіліктің өзегі де осында.

Елбасы Жолдауында бұл басымдықтың өзі бірқатар міндеттерді қамтыды. Атап айтқанда, бірінші міндет - цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету.

«Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын», - деді Н. Назарбаев.

Бұнымен қоса, Елбасы коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз етуді, инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізуді белгіледі. Бұл ретте «ЭКСПО-2017» базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құру көзделеді. Президент халықаралық технопаркте әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуы тиістігін алға тартады.

Бірінші басымдықтың екінші міндеті - Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру. Дәстүрлі салаларға өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқалары жатады. Осы тұста Елбасы негізгі фактор ретінде Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізуге назар бұрады.

«Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек. Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр», - деді Н. Назарбаев.

Бірінші басымдық аясындағы міндеттер шеңберінде Елбасы аграрлық секторға да ерекше тоқталып, бұл саланы экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиістігін атап өтті. Жалпы Қазақстандағы аграрлық саланың экспорттық әлеуеті зор екені белгілі. Әсіресе экологиялық таза өнім шығаратын қазақстандық тауарлар көршілес елдерде маңызды басымдыққа ие. Ендігіде Қазақстан астығы мен астық өнімдері арқылы Еуразияның «нан себетіне» айналуы керек. Бұл үшін Елбасы шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшуді жүктеді. Сонда ғана Қазақстан халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Бірінші басымдықтың еншісіндегі және бір сала - жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Осыған байланысты Елбасы Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе - 2 миллион контейнерге дейін, жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе - 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыруды тапсырды. Ал транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе - жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет.

Бірінші басымдықтың үшінші кешенді міндеті - еңбек нарығын жаңғырту. Жаһандық өзгерістер аясында бұл бағытта да белгілі бір қауіптер баршылық. Сондықтан Президент Үкімет пен әкімдерге жұмыспен қамту бағытында барлық жағдай жасауды тапсырды. Бұл ретте ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлейтін болады.

Екінші басымдық - бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту

Бизнес, шағын және орта кәсіпкерлік - соңғы жылдары биліктің күн тәртібінде күнара талқыланатын мәселе. Шындығында, шағын кәсіпкерлігі мығым елдің шаруасы шайқалмайды. Бұған мысал да жетерлік. Қазақстанда тұтастай алғанда бизнес ортаны дамытуға деген қадамдар жасалды. Дегенмен, жергілікті өңірлерде кәсіпкерліктің кедергілерін ысырып тастау реформасы әлі де жалғасуда. Осыған байланысты мемлекеттің экономикаға араласуын тежей отырып, жеке сектор арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді.

Елбасы Жолдауында екінші басымдық етіп белгілеген бизнес ортаны жақсарта түсу - дағдарысқа қарсы маңызды құрал болмақ. Бұл ретте Президент ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету межесін белгіледі. Ал бұл үшін не істеу керек? Бұл да бес міндеттен тұрады. Атап айтқанда, биылдан бастап Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Осыны жандандыру үшін шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану көзделеді.

«Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Кәсіпкерлікке кедергі келтіретін құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартылып, қайталанатын рәсімдер жойылатын болады.

Екінші басымдық аясындағы Елбасы ерекше тоқталған жайт - мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін төмендету. Бұл экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс. Осыған байланысты Үкімет жекешелендіру жұмыстарын тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтайтын болады. Сондай-ақ Елбасы мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыруды тапсырды. Бұл үшін Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялайтын болады. Ал «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері де қайта құрылады. Түйіндей айтсақ, әлгі екі холдинг мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыратын оператор болып қалады. Олардың функциялары оңтайландырылып, жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілмек.

Үшінші басымдық - қаржы секторын «қайта жаңғырту»

Соңғы жылдары Қазақстанның қаржы жүйесі түрлі дағдарысты бастан өткерді. Шатқаяқтаған тұсында мемлекетке арқа сүйеді. Дегенмен, бұл салада әлі де проблемалар бар екені белгілі. Ендеше ортамерзімдік перспективада еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығында қаржы секторын дамыту, оның экономиканың басты кредиторы ретіндегі міндетін қайтару басты міндет болмақ. Мемлекет біртіндеп қаржы секторын тікелей қолдау бадарламасынан кетіп, экономиканы қаржыландыруды осы сектордың өз мойнына артуы тиіс.

Бұл басымдықтың аясында Елбасы ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіруді және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тартуды атап өтеді.

«Еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет. Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс», - деп атап өтті Елбасы.

Бұдан бөлек, Президент Қор нарығын одан әрі дамыту шаралары да жүзеге асады. Қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру көзделеді.

Төртінші басымдық - адами капитал сапасын жақсарту

Әлемдік деңгейдегі білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін қалыптастырмай Үшінші жаңғыруды жүзеге асыру да еш мүмкін емес. Бұл ретте жаһандық жаңа қатерлерге қарсы адами капиталды да сапалы дамыту қажет. Ал адами капиталдың өзегі - білім. Білім болашақ дамудың кепілі. Сондықтан да, Елбасы бұл басымдық бойынша білім беру жүйесінің рөлін өзгертуді меңзейді. Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу - қай жағынан алғанда маңызды міндет. Өйткені ғылым дамымай дүние дамымайтыны әмбеге аян. Бұл ретте қазақстандық білім берудің басты міндет - білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Президент білім саласын дамыту туралы айтқанда, оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттауды, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігін алға тартады. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайтуға назар аударады. Ал Үкіметке жүктелген тапсырмалар қатарында үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу белгіленді.

«Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі - жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет», - деді Н. Назарбаев.

Адами капиталды дамытуда ұрпақ саулығы да ерекше рөл атқарады. Яғни, ұрпақ саулығы - ұлт саулығы. Осы ретте Елбасы биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетінін, ол жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденгенін баса айтты.

Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы да баса назарда болмақ. Атап айтқанда, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін артады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.

«Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс», деді Н. Назарбаев.

Бесінші басымдық - қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Мемлекет басшысы 5 институттық реформа және Ұлт жоспары аясында институционалдық қайта құруларға баса назар аударған болатын. Оның ішінде мемлекеттік басқарудан бастап, сот және құқықтық жүйелерді жаңғыртуға да мейлінше мән берілді. Елбасы Жолдауында бұл басымдық аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр. Және бір мәселе - жекеменшікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар. Бұл жұмыс жалғасатын болады.

«Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді. Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады. Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек», - деп жүктеді Елбасы.

Сонымен қатар, Президент киберқылмыспен күрестің өзектілігіне де тоқталды. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Жолдаудың соңында Мемлекет басшысы Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

«Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ. Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалана алатынына сенемін», - деді Н. Назарбаев.

Түйіндей айтсақ, Елбасының биылғы Жолдауы - Қазақстан үшін жаңғырудың Үшінші кезеңіне көшу арқылы жаһандық технологиялық бәсекелестікке ұмтылуға негізделеді. Ұлттың осындай міндеттерді орындауға әзірлігін пысықтайды. Президенттің сөзімен айтсақ, Үшінші жаңғыру - қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер