BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

Цифрландыру халықтың тұрмысын көтеру үшін қажет – Мемлекет басшысы

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес өтті. Жиында «Сандық Қазақстан» бағдарламасы талқыға салынды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Кеңесте Қазақстан Президенті елімізде сандық технологияларды кеңінен енгізу не үшін қажет екенін түсіндірді.

«Біз – мұнай, газ, металл және т.б. шикізат көздеріне бай мемлекетпіз. Бірақ соның арқасында күн көрмеуіміз керек. Енді, міне, үшінші жаңғыру аяқталуға жақын. Оның негізі – цифрландыру. Бүгін осы мемлекеттік бағдарламаны талқыға салып жатырмыз. Біз көріп отырғандай, цифрландыру еліміздің, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмысын көтеру үшін қажет. Қуанышқа орай, бізде барлығы бар. Энергия, азық-түлік, ұлан ғайыр территория мен 100% білімді халқымыз бар», - деді Елбасы.

Кейін Мемлекет басшысы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, біріншіден, бізге мемлекеттік органдар мен жеке меншік ұйымдар арасында өзара тиімді байланыс орнату қажет.

«Бұл жайында осы кеңесте жақсы айтылды. Бизнес сандық технологияларды кеңінен енгізу үшін тиісті жағдай жасауымыз қажет. Екіншіден, кадр дайындау міндеті тұр», - деді ол.

Елбасы цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес аясында ұйымдастырылған IT жобалар көрмесі жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтті. Президенттің айтуынша, мұндағы баяндамашылардың жаңа технологиялардан хабары бар екен.

«Осы кеңеске дейін мен сандық технологиялардың көрмесінде болдым. Көрме жақсы ұйымдастырылыпты. Барлығы маған өз жобалары туралы баяндады. Мен қатты қуандым. Себебі, баяндамашы өзінің не айтып тұрғанын түсінді. Бұл – үлкен артықшылық. Демек, оның жобадан хабары бар. Ол барлығын түсіндіре алады. Адам жаңа өнім туралы айтқан кезде оны қарапайым тілмен түсіндіре алмайды. Ал олар өздерінің не айтып тұрғанын білді. Сондықтан цифрлық сауаттылық сандық экономика үшін адамдардың біліктілігін көтеру өте маңызды», - деді Қазақстан Президенті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер