BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Жеңіс Қасымбек Тау-кен конгресі сайтының қазақ тілінде ақпарат таратпағаны үшін кешірім сұрады

Фото: Архив

Бүгін Дүниежүзілік тау-кен конгресі аясында ұйымдастырылған журналистерге арналған брифинг барысында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек аталған конгресс ресми сайтының қазақ тілінде ақпарат таратпағаны үшін кешірім сұрап, бүгінгі таңда барлық мәліметтің мемлекеттік тілге аударылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

19 маусымда Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 Конгресс-орталығында Дүниежүзілік тау-кен конгресі 2018 өз жұмысын бастады. Осы жылы Конгресс үш мерейтойлық күнді біріктірді: ДТК құрылған күннен бастап 60 жыл, 25-ші мерейтойлық ДТК және Астана қаласының 20 жылдығы. Ашылу салтанатынан кейін журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтіп, онда Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Дүниежүзілік Тау-кен конгресі Халықаралық ұйымдастыру комитетінің төрағасы Салах Уайл, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Раух, Тау-кен өндірісі саласындағы Африка бойынша "Эрнест Индиан" компаниясының жетекшісі және Тау-кен өндіру саласындағы цифрландыру жөніндегі жетекші сарапшысы Джеймс Метчер, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпкерлік орталығының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец сөз сөйледі.

Министр Жеңіс Қасымбек бұл конгрестің Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.

"Бұл - біз үшін маңызды конгресс. Өздеріңіз білесіздер, тау-кен металлургия - экономикамыз үшін өте маңызды салалардың бірі. 25-ші рет өтіп жатқан Конгреске қош келдіңіздер! Оның негізі қаланғанына биыл 60 жыл толып отыр. Оның үстіне ТМД аумағында бірінші болып Қазақстанда өткізіліп жатыр. Конгресс қарсаңында Астанамыз да 20 жасқа толып отыр. Тау-кен өндірісі біздің экономикамызда газ-мұнайдан кейін екінші орында тұр. Ең бастысы, ол халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, мемлекеттік және шетелдік инвестициялар тартады. Осы саланы дамыту арқылы мемлекетіміздің болашағы жарқын болатынына сенімдімін", - дейді министр.

Бүгін өтіп жатқан конгреске 2 000-ға жуық шетелдік делегат қатысты. Бұл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда өте көп әрі тау-кен өндірісі саласына қызығушылықтың артып келе жатқанының дәлелі. Оның барысында көптен бері мамандарды қызықтырған мәселелер: тау-кен саласының цифрландырумен байланысы, жаңа технологиялар мәселелері, инвестиция тарту, Қазақстанның соңғы жылдардағы жетістіктері сынды тақырыптарда презентациялар таныстырылды.

Инвесторларды тарту мақсатында инновациялық жобалар таныстырылды. Мұнымен қатар, Инвестициялар және даму министрі инвесторларға еліміздің бұрын-соңды зерттелмеген аймағының картасын ұсыну мәселесіне, инвесторлардың қаншалықты қызығушылық танытып отырғанына тоқталып, Тау-кен конгресі сайтының қазақ тілінде жұмыс істемегені үшін кешірім сұрады. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы көп зерттеле қоймаған аймақ қатарына кіреді.

"Бірінші мәселе бойынша (Сайттың қазақ тілінде жұмыс істемеуі - автор) ескертуіңізге рахмет. Кешірім сұраймыз! Оның ішінде бұл ақпараттардың барлығы қазақ тіліне аударылады. Екінші мәселе туралы айтар болсақ, оны идеологиялық ақпарат деп атаймыз. Бұл ақпараттар заң бойынша ашық берілетін болады. Бұл салаға қатысты үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келер жылдан бастап барлық ақпаратты сайттар арқылы, ешқандай құпиясыз ашық түрде беретін боламыз", - деді министр.

Естеріңізге сала кетсек, 19 маусымда Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 Конгресс-орталығында Дүниежүзілік тау-кен конгресі 2018 өз жұмысын бастады. Осы жылы Конгресс үш мерейтойлық күнді біріктірді: ДТК құрылған күннен бастап 60 жыл, 25-ші мерейтойлық ДТК және Астана қаласының 20 жылдығы. Сондай-ақ, республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец Қазақстан тау-кен металлургия индустриясы үшін ДТК өткізудің нақты тиімділігі қандай екеніне тоқталды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер