BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Николай Радостовец: Дүниежүзілік тау-кен конгресі – әлемдік тәжірибелерді қабылдау мүмкіндігі

Фото: СЦК

Әлемдік экономикаға тау-кен металлургия өнеркәсібінің әсері және ДТК саласында Қазақстанмен ынтымақтастықтың келешегі туралы Польша Республикасының Кәсіпкерлік және технологиялар вице-министрі Тадеуш Кошчиньский өз баяндамасында айтып өтті. Өз кезегінде, Торонто қор биржасының Тау-кен ісі жөніндегі басшысы (Канада) Дин МакПерсон әлемде саланың даму перспективалары мен үрдістері және осы үрдістерде ДТК маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ, республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец Қазақстан тау-кен металлургия индустриясы үшін ДТК өткізудің нақты тиімділігі қандай екеніне тоқталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич ТКМК өнімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттілігіне назар аударды және компанияның осы бағыттағы жобалары туралы баяндады.

Сарапшылардың болжауы бойынша, алдағы жылдары Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін тұрақты өсу күтуде, оған базалық металл бағасының өсуі және 2017 жылы жүзеге асырылған заңнамалық түрлендірулер септігін тигізеді. Пленарлық отырыстан кейін өткен баспасөз конференциясы барысында, Конгреске қатысушылар Қазақстанның тау-кен металлургия индустриясы үшін ДТК өткізудің нақты тиімділігі қандай, осы саланың ел экономикасына үлесі қаншалықты үлкен, әлем нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты елдің ТКМК оңтайландыру және тиімділігін арттыру үшін қандай шаралар жүргізілуде және "жасыл экономика" стандарттарын енгізу үшін қанша уақыт қажет екендігі туралы айтты.

"Біз үшін, Дүниежүзілік тау-кен конгресі – жан-жағымызға қарай, әріптестерімізбен жетістіктерімізді салыстыру, үздік әлемдік тәжірибелерді, әсіресе, Модернизация 3.6 мәнмәтінінде технологиялық даму және саланың заңнамалық реттелуіне қатысты тәжірибелерді қабылдау мүмкіндігі. Сондықтан, бұл іс-шараның сала үшін ауқымы мен маңызы теңдесіз. ДТК халықаралық алаңында жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу жүйесіне енгізілетін аса маңызды өзгерістер ұсынылады. Өткен жылдың соңында қабылданған жаңа Салық кодексінде Қазақстанда геологиялық барлауды дамытудың айтарлықтай ынталандырулары берілген, соның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкес, 2019 жылдан бастап коммерциялық табу бонусы жойылып, жалдау төлемдеріне көшеді. 2018 жылы Қазақстанда осы салаға қатысты реттеу тәсілдерін тұжырымдамалық түрде өзгертуге және елді ЭЫДҰ стандарттарына жақындатуға бағытталған жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу басталады", - дейді республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.

Сондай-ақ, ДТК-2018 шеңберінде MiningWorld Central Asia – 24-ші "Тау-кен жабдықтары, кен және минералды өндіру және байыту" халықаралық көрмесінің ашылуы өтті. Бұл көрме Қазақстанда жыл сайын өткізіліп, "қанатының" астына әлемнің 200-ден астам компаниясын жинайды. Биылғы жылы 24 елдің 250-ден астам компаниясы көрмеге қатысуға ниет білдірді. Олардың ішінде Aramine, AtlasCopso, CFT Group, Dressta, MetsoMinerals, Mclanahan, FLSMidth, SandvikMininggandConstruction, Thrane, Outotec, Thyssenkrupp, Вист Групп және басқа да көптеген саланың жетекші көшбасшылары бар. Жалпы ұлттық стендтермен Австралия, Австрия (көрмеде алғаш рет өзінің ұлттық стендін ұсынады), Ұлыбритания, Канада, ҚХР, Норвегия, Польша, Финляндия, Франция, Чех Республикасы қатысады.

Ақтөбе мыс компаниясы, KazMinerals, ERG, Kazakhmys, Kazzinc секілді жетекші тау-кен өндіруші және тау-кен өңдеуші кәсіпорындардың экспозициясы MiningWorldCentralAsia көрмесінің осы жылғы ерекшелігі болып табылады.

Естеріңізге сала кетсек, 19 маусымда Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 Конгресс-орталығында Дүниежүзілік тау-кен конгресі 2018 өз жұмысын бастады. Осы жылы Конгресс үш мерейтойлық күнді біріктірді: ДТК құрылған күннен бастап 60 жыл, 25-ші мерейтойлық ДТК және Астана қаласының 20 жылдығы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер