BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Қазақстан цифрлық даму жөніндегі әлемдік рейтингте 50-ші орында

Фото: Абзал Қалиев

Елордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен цифрландыру мәселесі бойынша республикалық кеңес өз жұмысын бастады. Жиында әлемдегі және еліміздегі цифрлық технологиялардың дамуы бойынша көрсеткіштер келтірілді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Таяу Шығыс аймағында технологиялар және цифрландыруды дамыту жөніндегі BCG сарапшылық практика басшысы, доктор Александр Тюрпец цифрландыру саласындағы ғаламдық трендтер туралы баяндама жасады.

«Қазақстан жаңа дәуірге – цифрлық дәуірге аяқ басты. Бұл тарихи сәт қазір басталып отыр. Біз барлығымыз цифрлық технология жоғары қарқынмен дамып жатқан заманда өмір сүрудеміз. Дамушы елдерде интернет экономикасының өсімі жылына 15-25 пайызды құрайды. Экономиканың бірде-бір саласында осындай өсу қарқыны кездеспейді. Барлық ғаламдық мәліметтердің 90 пайызы соңғы 2 жылда пайда болды. Сондай-ақ, әлемдегі мәліметтердің 99 пайызы цифрлық жүйеге көшірілді. Бүкіл әлемде 35 млрд құрылғы күн сайын мәліметтерді шығарып, олармен алмасады. Бұл бүкіл әлемдегі халық санынан 5 есе көп»,- деді А.Тюрпец.

Маманның айтуынша, цифрландыру саласы сәйкесінше көп шығынды қажет етеді. Мәселен, үкіметтер мен корпорациялар кибер шабуылдармен күреске жарты триллион доллар жұмсаған. Александр Тюрпец қазір жаңа технологияны енгізіп, оны танымал етуге бұрынғыдай ондаған жылдар емес, бір-екі жыл жеткілікті дейді.

«Қазір электрондық сауда-саттық дамып жатыр. Оған ешқандай шекара керек емес. Бұндай сауда-саттық тауар мен қызметтерді жаңа өңірлерге экспорттауға мүмкіндік береді. Цифрлық жүйе ашықтықты қамтамасыз ететіндіктен сыбайлас жемқорлық та азаяды. Бұның барлығы экономикалық өсімге әкеледі. Цифрлық технологиялары жақсы дамыған елдер байиды. Цифрлық технологиялар мұнайдың жаңа түріне айналды. Сондықтан, көптеген елдер осы салада бәсекелесуде», - деді А.Тюрпец.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан цифрлық даму жөніндегі әлемдік рейтингте 50-ші орында. Соңғы 5-6 жылда позиция аса қатты өзгерген жоқ.

«Дегенмен, біз Қазақстан жақын арада, алдағы 10 жылда әлемдік цифрлық даму деңгейі бойынша үздік 30 ел қатарына кіреді деп ойлаймыз», - дейді маман.

Атап өтсек, бүгінгі жиында мемлекеттік органдардың, отандық компаниялардың және түрлі ұйымдардың 30-дан астам IT жобасы ұсынылмақ. Шараны ҚР Ақпарат және коммуникацялар министрлігі мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі" АҚ ұйымдастырып отыр. Жиында министрлер цифрларландыру тақырыбында баяндама жасайды деп жоспарлануда.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
11 Қаңтар 2018, 19:43
АЛМАТЫДА "ҚЫЗЫҚ КӘНСЕРТ"
Пікірлер