BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Кәсіпкер жүргізушісіз басқарылатын машиналардың пайда болатын күні алыс еместігін айтты

Фото: VC.ru

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте «Hyperloop One» компаниясының негізін қалаушы Шервин Пишевар бүгінгі таңда әлем экономикасының даму тенденциясы өзгеріп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

«Мен «Uber» компаниясында жұмыс істедім. Сондай-ақ, мен «Hyperloop One» компаниясының құрылтайшысының бірімін. Біз алдағы уақытта транспорттық инфрақұрылымымызды өзгертуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жеке компаниялар автоматтандырумен, технологияларды жасаумен шұғылдануда. Мен «Uber» компаниясындағы директорлар кеңесінде 4 жыл аталған процесті бақылап, инвестор болдым. Мен олардың қысқа уақыт ішінде машинаны жүргізушісіз басқаруға мүмкіндік беретін технологияны жасағанына куә болдым», - деді кәсіпкер.

Осы орайда Шервин Пишевар қазіргі таңда жаңа идеяларды кез келген жерде жүзеге асыруға болатынын алға тартты.

«Мен идеяларды «Кремний алқабында» ғана емес кез келген жерде жүзеге асыруға болатынына көз жеткіздім. Оны осында да (Қазақстанда – автор) қолға алуға болады. Сондай-ақ, машинаны жүргізушісіз басқару бізге қалалардың дизайны мен архитектурасын өзгертуге мүмкіндік береді. Егер бізде жүргізушісі жоқ машиналар болса, бізге жүргізушінің қажеті қанша. Тіпті руль де керек емес. Себебі, ол адамның миы мен машинаны байланыстыратын интерфейс. Осының нәтижесінде көшенің дизайны да өзгереді. Бұл Генри Фордтың оқиғасына ұқсас. Ол осыған дейін машина жасау өндірісінің процесін толығымен өзгертті. Бұл көптеген адамдардың машинаға қолжетімділігін арттырып, үлкен магистральді автожолдардың құрылысы басталды. Осылайша, әлемдік экономика өзгерді. Бұл тенденция қазір қайтадан басталды», - деді ол.

Сонымен қатар шетелдік кәсіпкер Қазақстан азаматының «Hyperloop One» жобасының инвесторы екенін атап өтті.

«Әлем экономикаларын біріктіретін «Жібек жолы» тақырыбы қазір цифрландырудан өтіп жатыр. Оның бір дәлелі, Қазақстан азаматының «Hyperloop One» компаниясының инвесторы болуы. Оның аты – Серік. Ол алғашқылардың бірі болып, менің «Hyperloop One» идеямды тексеріп көрді»,- деді ол.

Сөз соңында Шервин Пишевар қазіргі таңда жаңа технологиялар мен жаңа идеялар арқылы жақсы табыс табуға болатын жеткізді.

«Мен 2011 жылы «Uber» компаниясының негізін қалаған кезде бұл жоба маған 1,8 млн доллар пайда әкелсе, ал қазір маған ол ондаған млрд доллар табыс әкелуде. Сонымен қатар, біз инвестиция жасаған компаниялар да осындай деңгейде пайда табуда. Біз «Hyperloop One» компаниясымен бірге жай идеядан бастадық. Нәтижесінде Илон Маскпен ( танымал кәсіпкер –автор) бірге аталған жобаны жүзеге асыруға болатынын түсіндік. Бұл азаматтардың үлкен жылдамдықпен жүруіне мүмкіндік береді. Бұл қалаларды өзгертеді», - деді шетелдік кәсіпкер.

Айта кетейік, «Hyperloop One» компаниясы АҚШ-та орналасқан. Компания «Hyperloop» пойызын жасауды қолға алған. Жаңа жүрдек пойыз – тікұшақ, көлік, кеме және қарапайым пойыздан кейінгі әлемдегі транспорттың бесінші түрі. Оның жылдамдығы 480 км/сағаттан 1 200 км/сағатқа дейін барады. Жобаның авторы – «Tesla Motors» фирмасының бас директоры, инженер, «SpaceX» компаниясының негізін қалаушы, миллиардер – Элон Маск.

Соңғы ақпараттарға сәйкес, бірінші «Hyperloop» пойызы Сан-Франциско мен Лос-Анджелес қалаларының арасында қатынауы мүмкін. Екі шаһардың арасы 600 шақырымға жуықтайды. Жоба бойынша осы қалалардың арасына арнайы құбыр салынады. Нәтижесінде, бір мегаполистен екінші қалаға жету небәрі 30 минутты құрайды. Пойызға 28 жолаушы отыра алады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес өтті. Жиын барысында мемлекеттік органдардың, отандық компаниялардың және түрлі ұйымдардың 30-дан астам IT жобалары таныстырылды. Сол жерде Үкімет басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын көпшіліктің назарына ұсынды. Аталған шараны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Зерде» холдингі ұйымдастырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер