BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.65 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 393.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

Біз жетекші мемлекеттердің қатарынан көрінуге үміттіміз – министр

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес аясында «Цифрлық экожүйе: сын-қатерлер, келешек және кедергілер» атты панелдік сессия өз жұмысын бастады. Оны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Барлығыңызды бүгінгі шарада көргеніме өте қуаныштымын. Бүгін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын таныстырдық. Елбасы бізге бағдарламаны жылдың аяғына дейін жетілдіруге уақыт берді. Ол дайын болған кезде, қоғамның талқысына ұсынамыз. Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын өзгертуге мүмкіндік беретін іргелі жұмыстың басталуына жол ашты. Ашығын айтқанда, бүгінгі күнді біз үшін тарихи күн деп атауға болады. Әлемнің көптеген елінде цифрлық экономиканың дәуірі басталып кетті. Сондықтан мемлекеттердің алдағы он жылдағы міндеті экономиканы цифрлық рельске түсіру болады», - деді министр.

Сонымен қатар, ведомство басшысы беделді сарапшылардың басын қосқан «Цифрлық экожүйе: сын-қатерлер, келешек және кедергілер» атты панелдік сессиясының жұмысы маңызды екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда цифрландыру мәселесі ғылыми және сарапшылық ортада, мемлекеттік деңгейде, интернетте және БАҚ-та талқыланып жатқанына қарамастан, біз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуға үміттіміз. Алда талқыға салатын сұрақтар көп. Сондықтан беделді сарапшылар мен сандық нарық өкілдерін жинап, бүгінгідей диалогтық алаң құрып, өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасу өте маңызды», - деп түйіндеді сөзін Дәурен Абаев.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен цифрландыру мәселелері жөнінде республикалық кеңес өтті. Жиын барысында мемлекеттік органдардың, отандық компаниялардың және түрлі ұйымдардың 30-дан астам IT жобасы таныстырылды. Сол жерде Үкімет басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын көпшіліктің назарына ұсынды. Аталған шараны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Зерде» холдингі ұйымдастырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер