USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

«Тез өтетін айлар». Бейжіңде қазақ жазушысының кітабы жарық көрді

Бір ұлттың рухани байлығының қайнар көзі сол ұлттың болмысы мен бітімін бейнелейтін әдебиет пен мәдениеттен бастау алып жатады. Әр заманның тынысын жырлап, әр халықтың тағдырын таңбалайтын әдебиет атты қасиетті өнердің беталысы да заман ауқыммен сабақтасып жататындығы белгілі. Бұл күндері ғылым мен техниканың әдебиетке жасап отырған ықпалы да аз емес. Соның бір ауыз толтырып айтарлық жаңалығы – интернет әдебиеті. Сол интернет әдебиетінің өзіндік ерекшелігін жете түсініп, тамаша қолдана білген жас жазушылардың бірі Еркебұлан Мүтәнұлы.

Бейжиңдегі Орталық Ұлттар университетінде Еркебұлан Мүтәнұлының интернет әлемінде жарияланған микро әңгімелерінің топтамасы негізінде жинақталып басылған «Тез өтетін айлар» атты әңгімелер жинағының тұсау кесері өткізілді.

Тұсаукесер салтына Орталық Ұлттар университеті қазақ тіл-әдебиеті факултетінің профессоры, әдебиеттанушы Мұхтар Әбілқақұлы, «Ұлттар» баспасы қазақ редакциясының бастығы Бақытбек Тоқтасынұлы, Қазақ Еліндегі М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылмдарының докторы Гүлжаһан Жұмабердіқызы, аталған кітаптың жауапты редакторы, «Ұлттар» баспасы қазақ редакциясының қызметкері Өміржан Сейсенқұлұлы қатарлы қонақтар қатынасты.

Мұнан сырт, Бейжиңде қызмет істейтін қазақ зиялылары мен білім алып жатқан студенттерден 200-ге тарта адам келді.

Соз кезегін алған ғалымдар мен қонақтар аталған жинақ жөнінде түрлі бағаларын беріп, көзқарастарын білдірді. Жас буын қаламгердің интернет әдебиетінің ерекшелігін өз бойына сіңіре жазған әңгімелері қонақтардың жақсы бағасына ие болды. «Бергенінен берері мол болсын!» деген әдебиет мамандары жақсы тілектері мен шынайы бағаларын берді.

Шара соңында «Тез өтетін айлар» кітабының авторы Еркебұлан Мүтәнұлы шығармасының жазылуы мен жинақтың жарық көруі жөнінде сөз алып, тебіреністі көңіл-күйін жұртпен бөлісті. Тұсау кесер салтын Орталық Ұлттар университеті қазақ тіл-әдебиет факультетінің докторанты Дарынбек Мағайұлы жүргізді.

Әдебиет сүйер жастарға «Қош бол, Бұланай», «Көкек бүлдіргенге тойғанда қайтады» қатарлы шығармаларының интернеттегі таралымымен әбден таныс болған автордың «Тез өтетін айлар» атты жинағының тұсаукесеріне Бейжиңдегі әр қайсы университеттен арнайы келген жастар қолтаңба алып, қуана тарасты.

Еркебұлан Мүтәнұлы:

1988 жылы 10 қыркұйекте Іле аймағы Күнес ауданы Кеңсу ауылында дүниеге келген. Қазір Қытай интернет телевидениесінің қазақ арнасында редактор, тілші болып қызмет атқарады.

Бұл әңгімелер жинағы 2013 жылдың қазан, қараша, желтоқсан айларында автор қаламынан туындаған. Сол себепті жинақ аты «Тез өтетін айлар» деп қойылған.

Жинақтағы әңгімелер дәстүрлі әдебиет пен интернет әдебиетінің жарқын тоғысында жарық көрген.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады