BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Иранда қазақ мектебі түгілі, қазақ сыныбы да жоқ - Мохаммад Бали

Ақтөбеге алыс-жақын шетелдерден қандастарымыз келді. Қазақ диаспорасы балаларына арналған "Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім" атты XIV халықаралық олимпиадаға қатысу үшін Ақтөбеге 34 оқушы ат басын тіреді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Балалардың Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Иран мен Ресейден Қазақстанға алғаш рет келуі. Атажұртты көрсем деген армандары орындалды. Айналасындағылардың бәріне қызыға да қызғана қарайды. Елді сүйіп, тілді меңгеруге мүмкіндік көп дейді мұнда. Өзге елде туып-өссе де атажұртты аңсайтындар Ақтөбеде өтетін білім сайысына келді. 34 оқушы қазақ диаспорасы балаларына арналған "Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім" атты халықаралық олимпиадаға қатысып жатыр.

«Атажұртқа деген сағынышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қандастарымызды көріп қуанып қалдым. Олимпиадаға қатысу арқылы атажұртымызды көруге келдік. Болашақта ана тілімізді қастерлейтін жерде оқып, білім алғым келеді»,-дейді Моңғолиядан келген Нұрлан Хасараұлы.

Нұрлан Хасараұлы - Байөлке аймағындағы "Дарын" кешенді мектебінің оқушысы. Ата-бабасы 1930-жылдары Моңғолияға қоныс аударған оның тілге, қазақы дәстүрге деген құрметі жоғары. Ал, Иран Ислам Республикасынан жеткен Мохаммад Балидің де ата-бабасы 1929-30 жылдары шетел асқан. Қазір Горган қаласында тұрады. Мохаммадтың айтуынша, Иранда қазақ мектебі түгілі, қазақ сыныбы да жоқ. Парсы тілінде білім алады. Ана тілді ата-анасы ұмыттырмапты. Қазақстанды көруге деген құлшыныс пен ізденістің арқасында XIV халықаралық олимпиадаға қатысқалы отыр.

«Иранда ешқандай қазақ мектебі жоқ. Біз ол жақта парсы тілін оқимыз. Ана тілімізді әке-шешемізден үйреніп, сақтап келеміз. Отбасымызда тек қазақ тілінде сөйлейміз. Мына жақта орыс тілін қосып сөйлейді екен тұрғындар. Дегенмен, Қазақстан маған қатты ұнады. Біздің ата-бабаларымыздың да туған елге келу арманы болатын»,-дейді Мохаммад Бали.

Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданынан келген Жасар Нұрданбекұлы 12 жылдық мектепте білім алады. Оқушыны жергілікті тұрғындардың орыс тілін жиі қолданатыны таңғалдырыпты. Ол «Қазақстанда тұратындар туған жер мен тілдің қадірін түсінсе» дейді. Білім сайысына келген қандастарымыздың бәрінің арман-тілегі бір. Білім алып, Қазақстанға оралу.

«Біздің Қазақстанға келуіміздегі ең басты мақсат – өз өремізді сынау. Одан кейін атажұртқа деген махаббатымызды жеткізу. Ол жақта туған жер болса, бұл біздің туған ел. Сол үшін өз ана тілің, туған жерім, елім деп жасау біз үшін үлкен мақтаныш. Ендігі ғұмырымды осында, яғни атажұртымда өткізгім келеді. Білім алып, ел болашағы үшін үлес қосу тілегім. Елде тұратындар өз жерінде жүргендіктен тілдің, жердің қадірін сырттағылардай сезінбеуі мүмкін. Себебі, басым бөлігі ресми тілді қолданады екен. Ана тілімізді қастерлеп, абыройын асқақтату үшін бәрін жасар едім»,-деді Жасар Нұрданбекұлы.

Жыл сайын еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылатын білім сайысы биыл 14-рет Ақтөбеде өткізіліп отыр. Ерекшелігі тек шетелдегі қазақ балалары ғана қатыса алады. XIV халықаралық олимпиадада оқушылар білімдерін ғана сынап қоймай, Ақтөбенің көрікті жерлерін аралап көреді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер