USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Жарыста аянып қалмасымыз анық – әлем чемпионы

Фото: gazeta.ru

Универсиада ойындарының өз елімізде, «Медеу» мұз айдынында өтуі бізге күш береді. Сондықтан әлемдік жарыста аянып қалмасымыз анық. Бұл туралы 2010 жылғы жасөспірімдер арасында конькимен жүгіруден әлем чемпионы Екатерина Айдова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Универсиада маңыздылығы жөнінен Олимпиада ойындарынан кем түспейді. Сондай-ақ, дүбірлі доданың өз елімізде, «Медеу» мұз айдынында өтуі бізге күш береді. Себебі, бұл мұз айдында көптеген рекорд орнатылған болатын. Сондықтан осы әлемдік жарыста аянып қалмасымыз анық. Универсиадаға конькимен жүгіруден Ұлттық құраманың бас бапкері Людмила Прокашева және бапкер Вадим Саютин дайындап жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар, қысқы Ванкувер және Сочи Олимпиадасына қатысқан тәжірибелі спортшы Екатерина Айдова бүгінгі таңда әлемдік жарысқа дайындалып жатқанын атап өтті.

«28-ші қысқы Универсиада ойындарынан бөлек біз халықаралық жарыстарға да қатысамыз. Бүгінгі таңда конькимен жүгіруден Әлем кубогына дайындалып жатырмын. Халықаралық жарыстың 3-ші кезеңі екі күннен соң Астанада өтеді. Міне, осы жарысқа жаттықтырушыммен қызу дайындық үстіндемін», - деді Екатерина Айдова.

Сондай-ақ, 2010 жылғы әлем чемпионы елімізде спортшылар үшін халықаралық дәрежедегі оқу жаттығу базасының қалыптасқандығын ерекше атап өтті.

«Біздің жаттығу базамыз «Алау» мұз айдынында орналасқан. Мұз айдынындағы мұздың сапасы өте жоғары. Осы үшін отандық мамандарға алғысымды білдіргім келеді», - деп түйіндеді сөзін қазақстандық спортшы.

Айта кетейік, Алматыда өтетін 28-ші қысқы Универсиада ойындарының басталуына 60 күн қалды. Дүбірлі дода 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Сайыста спорттың 12 түрінен 86 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады