Жамбыл облысындағы сəби өлімін бақылауға аламыз – Алексей Цой - Ұлт саулығы|10 Тамыз 2018, 13:16
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 414.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.44
Астана:

Жамбыл облысындағы сəби өлімін бақылауға аламыз – Алексей Цой

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Алексей Цой азаматтарды жеке мəселелерімен қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Астанадағы "Нұр Отан" партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кездесуге елорда тұрғындарымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар онлайн түрде қатысты.

Жамбыл облысынан видеобайланыс арқылы қосылған Асхат Файзуллин сəбиінің өліміне қатысты Т.Рысқұлов атындағы аудандық аурухананың дəрігерлеріне шағымданды. Ол медицина қызметкерлеріне тиісті шара қолдануды сұрады. А.Файзулиннің айтуынша, олардың сəбиі іште жатып шетінеп кеткен. Ал, дәрігерлер оның əйелін тексеру барысында сəбидің денсаулығынан ешқандай кінәрат таппаған.

"2017 жылғы желтоқсанда келіншегім бала көтеріп, Т.Рысқұлов аудандық аурухананың перзентханасына тіркелдік. Сол ауруханаға қаралдық. Келіншегім баланы көтерген уақыттан бастап өзін жақсы сезінді. Тек, 23-ші шілдеде келіншегім баланың қимылы нашарлағанын байқап, 24-ші шілдеде ауруханаға көрінуге барды. Сол кезде дəрігерлер баланың жүрегін аппаратқа түсірді, бірақ нәтижесін дұрыс оқымай, баланың денсаулығы жақсы деп қайтарып жіберді. Келесі апта өзіміз босандырамыз деп айтты. Содан, 25-ші шілде күні бала қимылдамағаннан кейін 26-сы күні таң атысымен ауруханаға барсақ, бала іште шетінеп кеткен екен. Менің өтінішім, осындай жағдай алдағы уақытта болмас үшін баланың жүрегінде ақау барын біліп тұрып, қарамаған дəрігерлерге шара қолдануларыңызды сұраймын", - деді Асхат Файзуллин.

Қабылдауға қатысқан Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті өкілінің мəліметінше, қазір комитеттің Жамбыл облысы бойынша департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоспардан тыс тексеріске тәуелсіз сарапшылар тартылған. Тексеру аяқталған кейін қорытынды жауап беріледі.

"Біз де комиссия құрдық. Бұл істі толық қараймыз. Сіз көрсеткен фактіні міндетті түрде тексереміз. Біз бұл жағдайды министрліктің ерекше бақылауына аламыз. Үздік сарапшыларды бағыттаймыз. Комиссия бір ай ішінде бүкіл құжаттаманы тексереді, барлық дəрігерлерден жауап алады, сізбен де кездеседі. Содан кейін біз сізге толық қорытынды береміз. Егер заң бұзушылықтар анықталса, сіз сотқа бере аласыз. Жалпы, барлық тиісті құқықтық шараларды жүзеге асыра аласыз", - деді Алексей Цой.

Атап өтсек, жуырда Астанада аналары қайтыс болған 4 сəбидің жағдайы белгілі болған еді. Олардың аналары елорда перзентханаларында көз жұмған болатын.

Сондай-ақ, бүгінгі кездесу барысында ауыр диагнозы бар немересін Астананың ауруханасына жатқыза алмай жүрген əже, сал ауруымен ауыратын баласына тиісті медициналық көмек ала алмай жүрген Қорғалжын ауылының тұрғыны, Астанадағы Онкология орталығының жұмысына шағымданған науқас, тиісті дəрі-дəрмегін ала алмай жүрген теміртаулық науқас, ревмотолог дəрігерлердің жалақысының аздығына шағымданған азамат пен еңбек демалысына арналған жəдемақыны бермей келген Атырау облысы Махамбет аудандық аурухана басшысына шағымданған азамат қабылданды. Алексей Цой бүгін қатысқан əр азаматтың мəселесі жеке-жеке қаралып, жедел түрде тиісті шаралар қабылданады деп уәде берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер