BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Вакцина дерттен қорғай ма?

Кейінгі кезде жұртшылық арасында дау тудырып, қоғамдық пікірдің екіге жарылуына себепкер болған тақырыптың бірі – екпе мәселесі. Біз бүгін балаға екпе салдыру қажет пе, адамдар вакцинадан неліктен қорқа бастады, профилактикалық екпе егілмеген балалардың ата-аналары нені білгені жөн деген мәселелерді ой елегінен өткізбекпіз. Baq.kz тілшісі Медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп дайындаған материалында вакцинаға қатысты осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген еді.

Екпе салдырған дұрыс. Неге?

Иммунитет адамға анадан туғанда беріледі. Бірақ ағзаны сыртқы ортаның жағымсыз әсерінен толық қорғауға оның қауқары жете бермейді. Вирус аталған қорғаныс жүйесін «бұзып кіргеннен» кейін жүре қалыптасқан, спецификалық иммунитет іске кіріседі. Жалпы, вакцина қалай жұмыс істейді? Екпе салынғаннан кейін тимус безі (айыр без) пен сүйек кемігінде қалыптасатын Т және В лимфоциттері вирустар мен бактерияларды анықтап, оларды зарарсыздандырады. Патогенді организмді жеңген лимфоцит жасушалары «жауды» жадында сақтап қалады. Кейін ол ағзаны қайта шабуылдаған жағдайда иммундық реакция іске қосылады. Аурудың алдын алу мақсатында егілетін екпелердің жұмыс істеу механизмі міне, осындай.

Вакцина тірі, өлі және фрагменттелген микробтардан тұрады. Оны дайындау барысында мамандар тірі микробтарды әдейі әлсіретеді. Яғни, одан ешкім ауыра қоймайды. Вакциналарды қызылша, қызамық, желшешек, ротавирустық жұқпа, туберкулез бен полиомиелит сынды қауіпті дерттерге қарсы қолданатыны сондықтан. А гепатиті, менингоккок, пневмококк, көкжөтел, құтыруға қарсы вакциналар тек өлі микробтардан тұрады. Екпе егілгеннен кейін ағзаның иммундық қорғанысы күшейеді. Ауру жұқтыру қаупі жоғалады.

Шынында, екпенің нәтижесі «көзге көрінбейді». Біз оны қолмен ұстап, сезіне алмаймыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын екпенің арқасында дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша сынды аурулардан 3 миллионға жуық адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік туады. Мысалы, 2015 жылы иммундау нәтижесінде қызылшадан болатын өлім-жітім 2000 жылмен салыстырғанда 79 пайызға қысқарған.

Қазақстанда вакцина жаппай егілмейді. Бірақ балалардың басым бөлігіне өмірінің алғашқы күндерінен бастап екпе салынады. Профилактикалық екпелер республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен тегін жасалады. Атап айтқанда, туберкулез бен В гепатитіне қарсы вакциналар бала туғаннан кейін алғашқы төрт күн ішінде салынады. Содан кейін полиомиелит, В гепатиті, көкжөтел, сіреспе, қызылша, қызамыққа қарсы екпелер кесте бойынша салынады. Соңғы вакцина 6 жаста жасалады (медицина ұйымдарында немесе адамдар көп жиналатын жерлерде жұмыс істейтін ересектерді қоспағанда).

Ротавирусқа қарсы екпе ойлап тапқан америкалық педиатр Пол Оффит иммундаудан жаппай бас тарту салдарынан кейбір аурулардың қайта күшейіп жатқанын алға тартады. Екпенің зияны туралы қауесеттен кейін не істерін білмей аңтарылған, одан діни наным-сеніміне байланысты бас тартқан ата-аналар қауіпті дертті ұмытып, балаларының басын қатерге тігіп жатыр, дейді маман.

«Қазір адамдар балалар аурулары мүлдем жоғалып кетті деп ойлайды. Соңғы 100 жылда халықтың өмір жасы екі есе ұзарып, балалар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 10 есе қысқарған. Өмірдің вакцина мен антибиотиктердің арқасында ұзарғанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Біз екпенің арқасында қазір шешектен, қызылшадан көз жұмғандарды кездестірмейміз. Ал, осыдан 100-200 жыл бұрын бұл дерттер жүздеген, мыңдаған адамның өмірін жалмады. Ол кезде мұның қаншалықты қауіпті екенін елдің бәрі білетін. Ал, біздің замандастарымыз ұмытты. Тағы да вакцинаның арқасы. Түптеп келгенде, вакциналар медицинаның деңгейін көтеріп, біздің денсаулығымызды жақсартты. Біз қауіпті дертті ұмыттық», - дейді биотехнолог Дамель Мектепбаева.

Екпе салдыруға кімдер қарсы шығып жүр?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2012-2017 жылдар аралығында екпе салдырудан бас тарту көрсеткіші үш есе артып, 9 700-ге жеткен. Ведомство басшысы Елжан Біртановтың айтуынша, олардың 43 пайызы вакцинадан діни көзқарасына байланысты бас тартқан. 45 пайызында отбасының жеке мәселелері себеп болса, 6 пайызы екпенің сапасына күмәнданады. Тағы 6 пайызы иммундау жайында таралып жатқан жағымсыз ақпарлардан кейін екпеден бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Вакциналар аутизм, диабет, склерозға шалдықтырады, зейін қою қабілетін төмендетеді, құрамында қауіпті, тіпті, қатерлі ісік тудыратын қоспалар бар деген қауесеттердің де еш негізі жоқ, дейді маман.

«Оңтүстік және Солтүстік Америкада, Еуропада жүргізілген ірі-ірі зерттеулер вакцина мен аутизмнің бір-біріне қатысы жоғын дәлелдеп берді. Зерттеу кезінде ешқандай аллергиялық реакция болмаған, бір де бір клиникалық зерттеу аутизм мен екпенің арасында ешбір байланыс таппаған. Жалпы, аутизм белгілері баланың 6-9 айлығында, яғни сәбиге вакцина салынатын тұста біліне бастайды. Ата-аналардың осы екеуін бір-бірімен байланыстырып, баланың ауруға шалдығу себебін екпеден көруі сондықтан», – дейді биотехнолог Дамель Мектепбаева.

Ата-аналар не дейді?

Соңғы кезде қарапайым халыққа ақ пен қараны ажырату қиынға соға бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы кереғар мәліметтер мен қолдан жасалған байбаламның кесірінен ата-аналар интернеттегі форумдарға, бақсы-балгерлерге көбірек сенетін болды. Дәрігерге бармастан баланы ауыр антибиотиктермен «емдейтіндер» де арамызда аз емес. Екпе салдыру керек пе, жоқ па деген мәселеде дәрігерлер пікірі де екіге жарылғаны жасырын емес. Бірі вакцинаны аурудың алдын алудың маңызды тетігі деп білсе, бірі ата-аналарды кері үгіттеп әлек. Осыған орай, ата-аналардың да пікірі екіге бөлінген. Кейбір ата-ана балаларына екпе жасатуға қарсы болмаса, кейбірі вакцина салдыруға қарсы шығып отыр. Олар бұны Қазақстандағы екпенің Қытайдан әкелінуімен түсіндіруде. Яғни, ата-аналардың кейбірі бағасы арзан, сапасыз вакцинадан қорқатыны жасырын емес.

Ғылым не дейді?

Дамель Мектепбаева, биотехнолог, зерттеуші:

«Екпе мәселесі – бүгінгі қоғамдағы өткір тақырыптардың бірі. Бұл мәселе қоғамдық пікірді де екіге ажыратты. Біреу қостайды, екіншісі даттайды. Мен екі жақты да жақсы түсінемін. Себебі, биотехнолог ретінде екпенің қандай нәтиже беретінін, балаларды қалай қорғайтынын білемін. Оның үстіне, өзім екі кішкентай сәбидің әпкесімін. Сондықтан олардың да қандай да бір қиындыққа тап болғанын қаламас едім. Бірақ бұл мәселе жеңілтектікті көтермейді. Оны эмоцияның бәрін жиып қойып, ақылмен шешу қажет.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, бір ғана жағымсыз оқиғаның өзі мыңдаған ғалымның жылдар бойғы зерттеулерін жоққа шығаруы мүмкін. Баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға да өкпелеуге болмайды. Мәселен, 1736 жылы Бенджамин Франклин шешектің кесірінен төрт жасар ұлынан көз жазып қалады. Кейін өзі өмірбаянында «кезінде баланы инокуляция (вакцинаның бастапқы түрі) арқылы шешектен сақтамағанына өкінетінін» жазады.

Адамдардың түсінбеген, білмеген нәрсесіне үрке қарайтыны заңдылық. Оның үстіне, бүгінде жұртшылықтың дұрыс ақпарат алу мүміндігі аз. Себебі бір-біріне қарама-қайшы мәліметтер өте көп. Оларға ондаған жылдық тәжірибесі бар дәрігерлерден гөрі, инстаграмдағы немесе форумдардағы оқиғалардың біріне сене салу оңай. Менің өзім вакцинаны автокөліктегі балалар орындығына теңеймін. Екпе жасалған бала вакцина салдырмағанға қарағанда әлжуаз болады. Сондықтан біз бұған әркімің жеке ісі деп емес, қоғамдық мәні бар дүние деп қарағанымыз жөн.

Әдетте, екпеге қарсы шығып жүргендер «екпені өз балаңа салдыр, ал мен салдырмаймын. Одан саған келіп-кетер ештеңе жоқ» дейді. Шын мәнінде, оның қоғамға әсері жоқ емес. Себебі бұл ұжымдық иммунитетке тікелей қатысы бар мәселе. Қоғамда ауруларды бақылауда ұстау үшін халықтың кем дегенде 95 пайызы иммундалған болуы тиіс. Егер бұдан төмен болса ұжымдық иммунитет әлсірейді және екпе егілмеген балалар жұқтырған аурулар қоғамға қауіп төндіре бастайды.

Сол себепті екпеден бас тартқан ата-аналармен жұмыс істеу қажет. Оларға вакциналардың әрекет ету механизмін, қайда жасалатынын, құрамы мен сақтау мерзімі жайлы мәлімет беру керек. Вакцинацияны науқаншылдыққа айналдырудың қажеті жоқ. Алдымен әр баланы мұқият қарап, тексеріп алған дұрыс. Екпе егілетін баланың қызуы қалыпты, денсаулығы жақсы болуы тиіс. Оған тек дәрігер емес ата-ана да жауапты.

Бүгінде вакцинация – денсаулық сақтау саласының проблемасына айналды. Әлбетте, бұл процесс кемшіліксіз өтпейді. Медицина қызметкерлеріне де айтылатын сын аз емес. Балалар да, ата-аналар да вакцинадан шошынып қалған. Бірақ бір ғана оқиғаға бола балаңыздың қауіпсіздігінен бас тартудың қажеті жоқ.

Вакцина атаулыдан ат-тонын ала қашатындардың тағы бір айтатыны: соңғы кезде қатерлі ісіктің көбейіп кетуі. Бірақ бұл жерде мәселе вакцинада емес, ғылымның дамуында. Қатерлі ісіктің көбеюі біздің оны соңғы жылдары ерте, көптеп анықтай бастауымызда. Сол себепті жаман ауру көбейіп кеткен сияқты болып көрінеді. Жалпы, бұл дерт Ежелгі Римде де кездескен. Ол кезде адамдар көз тигеннен қайтыс болды деп есептейтін. Бүгінгі заманда оның алдын алып, ертерек қамданса емдеуге мүмкіндік туды. Кейбір аурулар қазір азайды, бірақ солай екен деп оларға қарсы вакцинадан бас тартуға болмайды. Қауіпті аурулардың дәл осы вакцинаның көмегімен азайғанын естен шығармасақ дұрыс болар еді.

Антибиотиктер мен екпелерді ойлап тапқан ғалымдарға ризамын. Биотехнолог ретінде мұнымен тоқтап қалмай, болашақта ВИЧ пен СПИДке, Эбола, безгек пен Альцгеймерге қарсы вакциналар жасалады деп үміттенемін. Мысалы, қазір қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы егіп, жатыр мойнының обырынан қорғауға болады.

Болашақта биотехнология пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілсе деген арманым да бар. Себебі белгілі бір мәселелерді балаларға мектеп қабырғасынан бастап түсіндіру қажет. Оларға вакцинаның не екенін, оның салынғаннан кейін қалай әсер етіп, ағзада қандай процестер жүретінін, гендік өзгеріске ұшыраған өнімдер мен антибиотиктер жайлы, вирусқа қарсы дәрілер туралы түсінік берген дұрыс. Сонда олар болашақта өзі мен балаларының денсаулығына қатысты шешімдер қабылдағанда біз сияқты қиналып жатпайды».


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер