BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Төлеуғазы Бокашев: Біз адамдардың ойын санасындағы сырқатынан басқа нәрсеге аудару арқылы емдейміз Эксклюзив

Бүгін Астанада Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай «Психикалық денсаулықсыз – денсаулық жоқ» деген тақырыпта конференция өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Психикалық денсаулықтың медициналық орталығының» ұйымдастыруымен өткен жиынға Астана қаласының осы салада қызмет ететін дәрігерлері қатысты. Біз орталықтың консультанты, доцент, ғылым кандидаты Төлеуғазы Саратбайұлымен әңгімелескен едік.

- Бұл конференцияның мақсаты не?

- Орталық ашылғалы екі жыл болды. Конференцияның мақсаты - сол екі жыл ішінде атқарылған жұмысты қорытындылау. Біздің саладағы соңғы жаңалықтар мен жетістіктерді халыққа жеткізу және соны түсіндіру.

- Қазіргі таңда қанша адам емделіп жатыр?

- Бұл орталық негізі бір мезетте 350 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Яғни сонша адамға дәрігерлік көмек көрсетуге мүмкіндігі бар. Бірақ қала бойынша 5500 адам тіркеуде тұр. Оның сыртында бізде консультативтік есеп деген бар, онда 3,5 мыңдай адам есепте тұр. Сонымен жалпы қала бойынша 9 мыңға жуық адам біздің орталықта есепте тұр.

- Жыл сайын психикалық сырқатпен ауыратындар саны көбейіп келеді деген дерек бар. Бұның себебі неде?

- Жалпы сырқаттар саны көбейіп келеді деп болжам жасай салу дұрыс емес. Мысалы бұл аурудың екі түрлі себебі бар. Біріншісі тұқым қуалайтын түрі. Ол енді, айтпаса да түсінікті жағдай. Ондай ауру көбеймейді. Себебі ген көп жағдайда бұзылмайды. Және ол сыртқы себептермен байланыспайды.

Ал сыртқы себептердің әсер етуімен түрлі деңгейдегі психикалық ауытқуларға ұшырау басқа мәселе. Ол сырқаттың екінші түріне жатады. Мысалы қоғамның, әлеуметтік жағдайдың, тұрмыстық ауыртпалықтардың бәрі де қазіргі кезде, бір сөзбен айтсам, үлпілдеп тұр. Ал бұл адамдардың санасына, танымына, түсінігіне әсер етпей қоймайды. Дегенмен қазіргі адамдар, әсіресе жастар мұндай қоғамға бейімделіп келеді. Бұл жақсы. Алайда адам болған соң түрлі сана-сезімде болады ғой. Кейбір адамдардың сіркесі су көтермейтін, психологиялық тұрғыда әлсіз болады. Мұндай жандар психикалық ауруға тез әрі жиі ұшырайды. Мұндай жандар жоқ емес. Ал бізде қанша адам тіркеуде тұрғанын жаңа айттым.

- Мұндай орталықтар елімізде Астанадан басқа қалаларда бар ма?

- Осыған ұқсайтын «Еңбекпен емдеу орталығы» Тәуелсіздікке дейін барлық облыста болған. Бірақ олардың мақсаты біздің қазіргі ұстанымымыздан өзгеше болған. Ол кезде жәй ғана түрлі цехтарда үйрететін. Ал бірақ, онда емдеуден өткендер қоғамдық жұмыстарға, белгілі бір мекемелерге жұмысқа орналасып, адамдар арасында қызмет атқармайтын. Өз ішінде ғана қала беретін еді.

Біздікі керісінше, адамдарды қоғаммен араластыра отырып емдеу. Сауығып шыққан соң жұмысқа орналастырып, мемлекет тарапынан ғана көмек көрсетіп қоймай, қоғамның да қолдауына ие болуға бейімдейміз. Және бізде ем қабылдап жүрген адамдарды жеке кәсіпкерлер, түрлі қоғамдық ұйымдар жұмысқа шақырып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, бізде емделетін сырқаттар дәрігердің берген дәрісін ішіп, үйде немесе осы орталықта қарап жатпайды. Халықтың ортасында жүріп, өз-өзін психологиялық тұрғыда тәрбиелеуге бейімделеді. Мысалы бізде тіркеуде тұрып, қаралып, сосын сауығып шыққан бір жігіт жақында өзінің дәмханасын ашып, тағы да өзі секілді біздің орталықта емдеуден өткен 8 кісіні жұмыспен қамтамасыз етуді қолға алып жатыр. Мен бұрын мұндайға сенбейтін едім, қазір көзім жетті.

- Мысалы психикалық орталық десе, қарапайым халық бұл жерге, бір сөзбен айтқанда, жынды адамдар келеді деп ұғады. Ал шын мәнісінде қалай?

- Иә, халықтың санасында бұл жерге қаралуға келгеннің барлығы «псих» деген көзқарас қалыптасып қалған. Бізді сырттай «жындыхана» дейтінін де білеміз. Ал біздің мақсат халықтың осындай түсінігін жою. Мысалы бізге емделуге келетін аурудан ешкім өліп кетпейді. Мысалы қатерлі ісік біздің аурумен салыстырғанда өте қауіпті ауру. Ал бізге келетін сырқаттардың аурулары қозып кеткен кезде ғана дәрі-дәрмек керек. Бұрын бір адамды бірнеше ай бойы емдейтінбіз. Ал қазір дәрілердің саны да, сапасы да жақсарды. Шет елдерде жасалатын, өте сапалы және өте қымбат дәрілер бар. Бірақ біздің мемлекет оны сатып алып, біздің ауруларға тегін беріп отыр. Соның арқасында қандай жоғары деңгейге жеткен аурудың қозуын бір-екі аптада басуға болады. Содан кейін ол адаммен психологтар, әлеуметтік мамандар жұмыс істей береді. Олар адамды бір нәрсені үйренуге баулып, көңілін басқа нәрсеге бұрады. Сол арқылы, яғни, көңілін санасындағы сырқатынан басқа нәрсеге аудару арқылы емдейді. Бір сөзбен айтқанда біздің еміміздің негізі адамдар арасындағы қарапайым қарым-қатынас.

Ал біз өз арамызда «псих», «жынды», «ауру» деген секілді сөздерді айтпауға тырысамыз. Мысалы «психикалық ауру» дегеннің орнына «ментальді денсаулық» дейді, «сыйластық қарым-қатынас», «екеуара әңгіме» деген секілді терминдермен алмастырып, сырқаттар мен дәрігерлер арасындағы келеңсіздіктерді болдырмауға тырысамыз. Олардың алдында сен де қарапайым адам екеніңді білдіруің керек. Қаралуға келген адамдармен дәрігер ретінде емес, оның сырын түсініп, ойына ортақтасатын жақыны не досы ретінде қарым-қатынас жасауға тырысамыз.

- Орталыққа сырқаттанып емес, өзі психологиялық кеңес алуға келетіндер бар ма?

- Бар. Қазір біздің орталықта ондай жандарға арналған ақылы кеңес беру ұсынылып отыр. Қорқатын ештеңе жоқ, ондай кеңес алушылар келе салып есепке алынбайды. Не үшін келді, неге күмәнданады, қандай психологиялық жағдайға тап болды деген секілді сауалдарды талқылап, сол арқылы ол адамға ақыл, бағыт-бағдар береміз. Мысалы, мына жерде қателестің, ол олай болмауы керек, былай істегенің дұрыс деген секілді нұсқаулар береміз.

- Бұл жерде қанша қызметкер жұмыс істейді?

- Біздің орталық 350 орынға арналған болса, әр бір сырқатқа бір дәрігер жауапты деп есептесек, сонша қызметкер бар деуге болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер