BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Шетелдік дәрігер: Қазақстанда науқастың үйіне барып күтім көрсету қызметін дамыту керек

Астана. BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда науқастың үйіне барып күтім көрсету қызметі жақсы дамымаған. Қазақстан көп ұлтты мемлекет екеніне қарамастан, басым бөлігін мұсылман қауымы құрайтынын ескерсек, мұндай медициналық қызмет түрі ауадай қажет. Бұл туралы Астанада өткен онкологтардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Ресейден келген дәрігер Ольга Васильевна айтты.

«Әр пациент полиативті көмекті, яғни күтімді үй жағдайында алуға құқылы. Біз зерттеу жүргізу нәтижесінде науқастардың 20 пайызы ғана хосписке жатқысы келетінін, ал үштен бір бөлігі уақытша ғана жатуға дайын екенін, ал қалған 50 пайызы мүлдем жатқысы келмейтінін анықтадық», - дейді ол.

Самара қаласындағы амбулаторлық қызмет көрсететін хоспис жұмысының тәжірибесімен бөліскен дәрігер науқасқа үй жағдайында күтім көрсетудің не себепті маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, кез келген адам «хоспис» деген сөзден қорқады.

«Дәрігер мен медбикелер алдымен науқастың үйіне барып, қалын сұрап, бар мейірімін төгіп, жоқ дегенде екі апта бойы байланыста болуы керек. Одан кейін барып «Сізді хосписке жатқызуымыз керек» деп жағдайды дұрыстап түсіндірулері керек. Сонда ғана науқас хосписке жатуды ауыр қабылдамайды», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол жазылмас дертке шалдыққан адам қандай жақсы хосписке жатса да, өзін жайсыз сезініп, бойын үрей, қорқыныш билейтінін айтты. Мұндай кезде науқастың туған-туыстарының көмек көрсетуі өте маңызды. Науқасты үйіне алып кетіп, ақтық сапарға үйден шығарып салуды парыз санайтын адамдар бар. Оларға да үйге барып күтім жасайтын дәрігерлердің көмегі керек.

«Науқастың үйіне баратын медбикелер ауыспауы керек. Басында қандай медбике барды, соңына дейін сол медбике барып жүргені дұрыс. Медбике науқас және отбасы мүшелерімен демалыс күндері де ұялы телефон арқылы байланыста болуы шарт. Науқас өмірден өтіп кеткеннен кейін де медбике оның отбасы мүшелеріне демеу болып, қасында болғаны жөн», - дейді дәрігер.

Егер белгілі бір науқасқа баратын медбикелер ауысып тұратын болса, науқастың денсаулық жағдайын тұрақты түрде бақылай алмай қалады. Тіпті, науқас демалыс күні көз жұмып, дәрігерлер одан хабарсыз болып қалатын кездер де болады.

«Науқас адам демалыс күні өмірден озып, ол туралы білмей қалған кезде жаным ауырады. Науқас бұл жарық дүниемен қоштасар кезде туыстары да, дәрігерлер де қолынан келгеннің бәрін жасағанын, соңғы демі шыққанша қасында болғанын түсініп кетсе екен деп ойлаймын. Сол үшін де дәрігер мен медбике науқастың қасында болып, оның жақындарына өмірден озатын сәті таяп қалғанын айтып, дайындай білуі керек», - дейді Ольга Осетрова.

Сонымен қатар, зерттеу жұмыстары нәтижесінде соңғы жиырма жылда хосписке жататын науқастардың жасы он жылға жасарған, яғни 1998 жылы хосписке жатқандардың орташа жасы – 72,6 жас болса, 2018 жылы – 61,4 жас болған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер